ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЙШЫҚТЫ БЕЛГІСІ. ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗҒА АРНАЛҒАН ДӘРІС

2018 жылдың 18 қыркүйегінде Елбасы кітапханасының Музейінде Экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжінің студенттеріне арналған «Теңге – ел тәуелсіздігінің нышаны» дәрісі өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында тәуелсіз еліміздің төл валютасы – теңге айналымға енгізілді. Дәрістің тақырыбы Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі мен қаржы реформасының нышанына айналған ұлттық валютамыздың 25 жылдығына арналады.

Теңге тарихы – мемлекетіміздің мәдени, экономикалық дамуымыздың айқын бейнесі, ерекше әрі өте маңызды тарихи қайнар көзі. Олар бізге дейін қаншама тарихи тұлғалардың портретін, түрлі ескерткіштерді жеткізіп, аңызға айналған бейнелерді ұсынды.

Дәріскер, Елбасы кітапханасының аға сарапшысы Лида Букешова студенттерге Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихы, теңгенің жасалуы мен айналысқа енгізілу кезеңдерімен таныстырды.

Колледж студенттері бүгінгі дәрістен алған әсерлерімен бөлісті.

Алтынай Амантайқызы, колледждің 3-курс студенті:

– Бүгінгі дәрістен ұлттық валютамыздың тарихы жөнінде көптеген тың мәліметтерге қанық болдық. Осы күнге дейін 1993 жылы енгізілген теңгенің тарихына тереңнен зер салмаған едім. Дәріскерге қызықты әрі танымдық дәрісі үшін үлкен алғысымды білдіремін.

Жаңабай Қабдолла, колледждің 3-курс студенті:

– Елбасы кітапханасының Музейіне бұған дейін де келгенмін. Теңге тақырыбына арналған дәріс жоғары деңгейде өтті. Маған өте ұнады, көптеген мағлұматтар алдық.

Дәріс барысында Елбасы кітапханасының қорынан алынған жәдігерлер, фотосуреттер мен бейнежазбалар көрсетілді.