Елбасы кітапханасының музейінде ұлттық валютаның 25 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасы жалғасуда. Осы жылдың 16 қарашасында Еуразия гуманитарлық институты колледжі оқушылары үшін «Теңге – ел тәуелсіздігінің нышаны» атты дәріс өтті.

Ширек ғасыр бұрын, 1993 жылғы 15 қарашада кеңес рублін алмастырған қазақстандық теңге айналысқа енгізілді. Ұлттық валюта енгізілуінің себеп-салдарлары, ақшаны ауыстыру үдерісі және өткен 25 жыл ішіндегі теңгеміздің өзгерістері туралы Баспа және редакциялық қызметтің аға сарапшысы Лида Букешова айтып берді. Дәріс барысында КСРО-ның ыдырауына байланысты болған оқиғалар тізбесімен айқындалған теңгеге көшу - маңызды және қажетті шешім болғандығы айтылды.
Кез келген мемлекеттің ұлттық валютасы оның маңызды нышандарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев теңгенің 25-жылдығына арналған құттықтауында «қазақстандық валюта – еліміздің өткені мен бүгінгісінің және болашағының бейнесі» екендігін атап өтті. Теңге тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде танылды.

- Дәріс маған теңдессіз әсер берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болып табылатын 90-жылдарда еліміз басынан өткерген экономикалық дағдарыс, ұлттық валютаны енгізу барысындағы қиындықтар бейнеленген фотосуреттер мені қатты толғандырды. Мен қазақстандық коллекциялық және инвестициялық монеталарды алғаш рет көрдім. Өте тамаша! Елімізде монета шығаратын қуатты өндіріс бар екенін білмеппін.Елбасы кітапханасының дәрістерін тағы да тыңдағым келеді, - деді ЕАГИ колледжінің оқушысы Арайлым Құрбан.
ЕАГИ колледжінің оқушысы Саида Тұрапбаева ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, дәріс берушінің белсенді, жарқын және эмоциялы сөздерін атап өтті:

- Ұлттық валюта туралы, жалпы Қазақстанның экономикалық дамуы туралы тың ақпарат алдық. Дәріс танымдық қана емес студенттер үшін өзекті. Дәріс барысында архивтік құжаттардың, фотосуреттердің, бейнематериалдардың, сондай-ақ Ұлттық Банкінің коллекциялық монеталарының қолданылғандығы ұнады.