ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев бастаған делегация келді.

Делегация мүшелері мекеменің құрылу тарихына үңілді. Британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен тұрғызылған Кітапхана ғимаратына тәнті болған мәртебелі меймандар экскурсия барысында экспозицияларды аралап, Елбасының өмірбаяны мен қызмет жолының маңызды кезеңдерімен танысты.

Қонақтардың назарына Мемлекет басшысына берілген шет мемлекеттердің жоғары наградалары 3D-голограммада үлгісінде көрсетілді, фотоматериалдардан құралған электрондық анимациялық альбом ұсынылды. Интерактивті білім беру кешеніне меймандар айрықша қызығушылық танытты.

Татарстан Республикасы делегациясының өкілдері Елбасы идеялары мен бастамаларымен, еліміздің тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен, стратегиялық құжаттармен, тарихи материалдармен таныстыратын интерактивті білім беру орталығының техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.

Кітапхана қонақтары тарихи маңызды құжаттардың түпнұсқасы мен құнды жәдігерлермен, сондай-ақ президенттік экспозициялармен танысты.

– Біз Қазақстан Республикасы дамуының тарихы мен бұл үдерістегі Тұңғыш Президенттеріңіз Н.Ә.Назарбаевтың рөліне тәнтіміз. Осы орайда қазақ елі мен жұртына бейбітті де бақытты өмір тілейміз, - деп Василь Шайхразиев Тілектер кітабына ізгі сөздерін қалдырды.

Елімізге тіл сақтау тәжірибелерін зерттеу мақсатында келген делегация Елбасы кітапханасына естелікке белгілі тарихшы Равиль Фахрутдиновтың «Татарлар тарихы» кітабы мен ұлттық татар қуыршағын тарту етті. Тартулық сыйлықтар өз  кезегінде Кітапхана жәдігерлерінің қатарын толықтырды.