ТАРТЫСТЫ ПІКІРТАЛАС АЛАҢЫ: ЖАСТАР ПІКІРЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ

28 наурызда «Көшбасшылық қасиет пен кәсібилікке тәрбиелеудегі әлеуметтік институттардың рөлі» жобасы аясында оқушылардың арасында қалалық дебаттық турнир өтті. Оған Елбасының Кітапханасы және Астана қ. Білім беру басқармасы мұрындық болды.

Турнир тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін саралау барысында өзіндік шешім қабылдау және ақиқатқа жетудегі сыни ойлау стратегиясын игеру дағдысын дамытуға бағытталған.

Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында «Биылғы жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Біз ТМД және Орталық Азия елдерінде әлемдік ауқымдағы маңызды іс-шараны бірінші болып өткіземіз» деп атап көрсеткен болатын.

Осыған орай дебат аясында спикерлердің Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау сияқты мәселелерді талқылауы кездейсоқ емес.

Турнирге астаналық мектептердің 44 командасы қатысты. Жеребе салу арқылы қатысушылар «Үкімет» немесе «Оппозиция» тарабын таңдады және өздерінің ой-пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты. Барлық ұсынылған тақырыптардың талқылануы өткір әрі қызықты болды.

Турнирдегі сот коллегиясына тәжірибелі дебатшылар – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетніңі, Еуразиялық гуманитарлық институтының, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің, ҚазГЗУ студенттері, студенттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қалалық және республикалық деңгейдегі дебаттық турнирлердің жеңімпаздары басшылық жасады.

Дебат қорытындысы бойынша келесі құрамалар топ жарды:

Қазақ лигасында:

І орын – «Марғұлан шәкірттері» (№ 40 орта мектеп);

ІІ орын – «Авангард» (№ 38 мектеп-лицей);

ІІІ орын – «Номад» (№ 65 мектеп-лицей).

Орыс лигасында:

І  орын – «Феномен» (№ 38 мектеп-лицей);

ІІ орын – «Steel Pauer» (№ 3 мектеп-гимназия);

ІІІ орын – «Щеглы» (№ 3 мектеп-гимназия).

Қатысушылар өздерінің көзқарастарын белсенді қорғады, дәлелдер мен дәйектер келтірді, сұрақтар қойды, мәселелерден шығу жолдарын ұсынды. Турнирдің барлық қатысушылары практикалық тәжірибе мен оң әсер алды.

Турнир № 53 мектеп-лицейінде өткізілді. Білім ордасының педагогикалық ұжымы дебатты өткізуге қолдау көрсетті. Елорда оқушыларының арасында дебаттық қозғалысты дамытудың белсендісі – № 53 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Әлиев Ербол Ермаханұлы ерекше атсалысты.

Дәстүр бойынша барлық балалар «Ақиқат» дебаттық турниріне қатысушылардың сертификаттары мен естелік сыйлықтарын иеленді.