Үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында Астана қаласындағы №22 мектеп-гимназияның 7 сынып оқушылары Елбасы кітапханасының табалдырығын алғаш аттады. Балалар тобына жетекшілік еткен мектеп оқытушысы Әлия Ғабдуллина өз пікірін білдірді:
– Тарих пәнінің мұғалімі ретінде жәдігерлердің хронологиялық тәртіпте орналасқанын ұнаттым. Мұндай шешімнің арқасында балалар Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінің барлық кезеңімен жетік таныса алады. Жәдігерлерді өз көзімен көріп, оларға қатысты анықтаманы экскурсия жүргізушілерден қызықты әңгіме ретінде естіп қайту – оқушылар үшін өте маңызды. Елбасы кітапханасы атмосферасының өзі көріп-естігеннің ойға сақталуын қамтамасыз етеді. Оның экспозицияларында орналасқан 3D-голограммалар, тачскрин альбомы, Елбасы қызметінің интерактивті хроникасы, бәрі де – қазіргі жоғары технологиялардың талаптарына сай. Ал мұндай технологиялар тарихпен танысу үдерісін тартымды ете түседі. Осы орайда Кітапхана экскурсиялары үлкенге де, кіші ге де қызық болар ақпаратты беріп қана қоймай, кез келген азаматтың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерді тереңдетіп, кеудесін мақтаныш сезіміне бөлейді, - дейді Әлия Уәлибекқызы.

Оқушылар отанымыз бен елордамыздың тарихын бейнелейтін көрмелер мен экспозицияларды мұқият аралады. «Президент» және «Елбасы сыйлақтары» экспозициялары балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олардың арасында болған Евгений Ли өз әсерімен бөлісті:

– Маған Кітапханада сақтаулы тұрған кітаптар ұнады. Олардың саны көп екенін байқадық. Экскурсия барысында Елбасымыз жайлы көп мәлімет жинадық, оның балалық шағы мен сыныптастары, алғашқы мұғалімі туралы деректермен таныстық. Бәрі өте ұнады, - дейді №22 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы кітапханасына жыл сайын 200 мыңнан астам адам келеді.