ТАРИХИ ОҚИҒА: БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІ БАСТАЛДЫ

2018 жылдың 1–31 қаңтарында Қазақстан тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін болады.

Төрағалық етерден бұрын Кеңес мүшелерімен Қазақстан үшін маңызды мәселелер жөнінде келісімдер жасалып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Оған Орта Азия және Ауғанстан, лаңкестікке қарсы күрес мәселелері жөніндегі қарарларды ілгерілету енгізілді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаева маңызды тарихи оқиғаға түсініктеме берді:

– Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуде –Қазақстан өзінің ұлттық мемлекеттік тарихында ғана емес, Орта Азия елдерінің тарихында да маңызды міндетті атқаруға кіріседі. БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты төрағасы Қайрат Омаровқа Қауіпсіздік Кеңесі жиналысын ашып, жүргізу, Кеңестің ресми есебіне қол қою міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі іс-шараларды өзі ашуы мүмкін. Мысалы, 18 қаңтарда белгіленген жоғары деңгейдегі БҰҰ ҚК мүшелерінің тақырыптық дебатына Қазақстан Президенті қатысады. Аталмыш оқиғаны тарихи шолу жасау тұрғысынан қарастыру керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымы, оның өкілеттігі мен қызмет қағидалары миллиондаған адамдардың күресімен келгені белгілі. БҰҰ ҚК тұрақты мүшелігіне Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен вето құқығы бар тек бес мемлекет кіруге құқылы болатыны кездейсоқтық емес. ХХ–ХХІ ғасырдың өткен онжылдығының тәжірибесі көрсеткендей қауіпсіз әлем тұжырымдамасында жаңа идеялармен жаңа мемлекеттер пайда болды. Қазақстан төрағалыққа құрметті міндетін атқаруға ғана емес, ядролық қауіпсіздік идеяларға негізделген тұрақты әлемді бірізді ілгерілетуге келді. Біздің еліміз әлемдік қауіпсіздік жүйесіне әлемдік ірі мемлекеттермен бірдей зор үлес қосты. Нұрсұлтан Назарбаев – жаһандық қауіпсіздіктің көптеген теорияларының негізін салушы. Қазақстанның алдында ҚК төрағасы ретінде Орта Азия және Ауғанстан бойынша қарарды жүзеге асыру мәселелері тұр. Бұл өте өзекті мәселе. Қазақстанның БҰҰ ҚК келуі – Орта Азия аумағындағы жаңа түрдегі геосаясаттың бай ресурсының қалыптасуын көрсететін тарихи құбылыс, біздің еліміз жаңа идеяның лидері әрі ретрансляторы болып табылады.

– Елбасы кітапханасы – тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша маңызды тарихи артефактілерді шоғырландыратын бірегей мекеме. Мемлекет басшысының идеялары мен бастамалары БҰҰ ҚК біздің төрағалық етуімізді жан-жақты қамтамасыз етеді. 2017 жылы Кітапхана музейінде Қазақстанның БҰҰ мүше болуының 25 жылдығына арналған көрменің ашылуы болды. Осы оқиғаны айшықтайтын мұрағат, кітап, бұйым материалдары таңдалынып алынды. Елбасы кітапханасында еріктілер қозғалысы үшін «БҰҰ моделі» жастар қозғалысы базалық негіз болды. «БҰҰ моделі» біздің Кітапханаға тән білім беру бағдарламасы мен жастар жобаларынан шыққан. Ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жинағы дайындалды. Кітапхананың Аналитикалық орталығының қызметі қазіргі әлемдегі Қазақстанның геосаяси тұжырымдамасына жеткізген беделді сараптамалық қауымдастықтар арасында идеялар мен шынайы нәтижелерді жеткізу мен дамытуға бағытталған. Кітапхана қызметінің әр бағыты БҰҰ ҚК қызметіне қатысуда Қазақстанның жаһандық салмақты тарихи бастамаларын ілгерілетумен түйінделеді, – деді Күләйша Қабдуалиқызы.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев оқиғаның маңыздылығын айтты:

– Қазақстан 2017 жылдың қаңтарынан БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып табылады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуді бастайды. Бұл үлкен жауапкершілік және жоғары халықаралық дәреже екені белгілі. Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ұсынары бар. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ республикамыз ядролық қарудан бас тартты. Еліміз бұл мәселенің өткірлігін алға тартып, шешімін табуға болатынын айтты. Менің ойымша, Президентіміздің жаңа бастамалармен баяндама жасайтыны сөзсіз. Мұның қазіргі маңыздылығы неде? Ядролық қаруды таратпау тәртібін сақтамағаны үшін Солтүстік Корея ядролық қаруға ие болып отыр, бұл жаңа әлемдік соғыс қаупін тудыруда. АҚШ Солтүстік Кореямен ядролық соғыс ашуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Қазақстан төрағалық ететін сессияда тағы екі мәселе көтерілетін болады, олар – Таяу Шығыс жағдайы және Сирия шиеленісі. Астанада желтоқсанда өткен Сирия жөніндегі соңғы кездесу БҰҰ-да жоғары бағаланды. Олай болса, бұл мәселені жоғары деңгейге көтеріп, шешімін табуға да көмектесеміз. Мұның барлығы жаһандық үдерісте бастамашы және белсенді қатысушы ретінде әлемдік аренада еліміздің дәрежесін көтеретіні сөзсіз.