Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Аслан Әзірбаев ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған «Күнделікті сталинизмді зерттеудің әдіснамалық тәсілдері: сталиндік шаруашылық» республикалық дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара онлайн режимінде өтті.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары Қазақстан шаруашылығын зерттеудің теориялық және әдіснамалық тың тәсілдерін, кеңес шаруашығының тұрмысына қатысты деректерді, сталиндік кезең тұсындағы шаруашылықтың тарихын, отандық және шетелдік зерттеулерді талқылады.
Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігін алғаннан кейін тарих ғылымының әдістемелік негіздері өзгеріп, қазіргі тарихнама кеңес тарихындағы ақтаңдақтарды зерттей бастайды, шаруаларға қатысты тоталитаризмнің адамгершілікке жат саясатын ашады. Бүгінде 1920-1930 жылдардағы Қазақстан шаруаларының күшін жұмылдыру саясаты мен үдерістің соғыстан кейінгі салдарын зерттеу өзекті болып отыр. Қазақстан ауыр өнеркәсіп өнімдерін жеткізуден басқа ауылшаруашылық өндірісінің бүкілодақтық маңызды аймағы болды. Сталинизм кезеңі тоталитарлық режимнің халыққа жаппай қысым жасауымен ерекшеленді. Табиғи апаттардан жойылған экономиканы қалпына келтірудің қатаң заңдары мен салықтары ауыл тұрғындарының өмірін қиындатты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы А.Әзербаев баяндамасын соғыстан кейінгі кезеңдегі ауыл тұрмысындағы дінге арнады.
– Қазақтардың көшпелі өркениеті сақтаған дүниелерді қысқа мерзімнің ішінде жойған сталиндік тоталитаризм ұлт тарихындағы қайғылы қасірет болып мәңгі қалады. «Тарих толқынында» атты кітабында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Тоталитарлық идеология өзінің құшағын кеңге жайғандығы себепті кез келген жүйені алмастыруға əрекеттенбей тұра алмады. Міне сондықтан да адамдардың діни ұғымы мен географиялық жағдайына, тарихы мен ұлтына қарамастан, тоталитаризм мен діннің қарым-қатынасы шиеленісіп қалыптасты», - деп атап өтті. Ұлттық ерекшеліктерді, қазақ ауылын жоюға негізделген тоталитаризм мен сталинизмнің атеизміне қарамастан, соғыстан кейінгі кезеңде дәстүрлер мен ұлттық руханият қайта жанданып, қазақы дінге ұласты. Халық тұрмысының тарихы зерттеу айрықша маңызды. Елбасы атап өткендей, «қазақ ауылы халықты жаңғыртудың қайнар көзі және ұлттық бірліктің тұтқасы болып қала бермек».

