ТАРАЗ БЕН СЕМЕЙ СТУДЕНТТЕРІ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» БАСТАУЛАРЫН ЗЕРТТЕУДЕ

Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Семей қаласы Шәкәрім университетінің студенттері «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» атты екі күндік семинар-тренинг сабақтарына кірісті. Семинардың бағдарламасы мен Елбасы кітапханасының игі дәстүрі бойынша жастар алғашқы күні дәрістер мен тренингтерге қатысып, елорданың көрікті жерлерін аралады. Іс-шара қатысушылары семинарға қатысты пікірлерін айтты.

Дәріс соңында бізбен сұхбаттасқан Тараз бен Семей көшбасшылары оқу курстарынан алған әсерлері мен өздері жайлы ақпаратпен бөлісті.

Болашақ қаржы қызметкері, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Кәрімжан Сүлейменов оқу мен жұмысты, қоғамдық және бапкерлік қызметті қатар алып жүру икемділігімен, бойындағы белсенділігімен ерекшеленеді. Ол сабағын жақсы оқып қана қоймай, оқудан тыс суши аспазшысы болып жұмыс істейді. Аспазшы деңгейіне даяшы болып көтерілген.

– Бұл менің Астанаға алғашқы сапарым. Елорда маған терең әсер етіп жатыр. Өкінішке қарай, жаз кезінде қолым босамағандықтан, ЭКСПО көрмесін тамашалай алмадым. Ол уақытта Павлодар мен Семей қалаларында бизнес мектебінің тәлімгері болдым. Елордада өтіп жатқан уақытты бағалап, таң атысымен оның әсем көшелерін кезіп, тіпті «Нұр Әлемді» де көріп үлгердік. Бірер минут бұрын аяқталған дәріс барысында Сағынтай Кеңесқызы жаһандық мәселелерді көтерді. Мектепте тарих пәнінен үлгеріміміз жақсы болғанымен, бүгін тарихтың өзімізге белгісіз тұстарын ашып, жаңа ақпаратты түйдік. Мысалға, Мәңгілік Ел идеясының тарихи тамыры көне заманда жатқанын зерделедік. Сол себепті де осындай маңызы мен мәні зор курсты ұйымдастырған Елбасы кітапханасына алғысымызды айтамыз. Білім ордамыздағы басшылыққа да ризашылығымыз шексіз. Ректорымыз Махметқали Нұрғалиұлы бұл семинарға қатысуға білдірген ниетімізді қолдап қана қоймай, оралғанымыздан кейін Кітапханада алған білімімізді құрдастарға жеткізуді сеніп тапсырды. Меніңше, мұндай сапарлар адамның ең өзекті ақпаратты білуіне, өзін танып, күшін сынауына керемет мүмкіндік сыйлайды, - дейді Кәрімжан.

Келешек тарихшы, Семей қаласы Шәкәрім университетінің студенті Темірлан Пашиев те уақытты бағалауды, оны ақылмен жұмсауды жақсы біледі. Оқудан тыс уақытта ол наубайшылықпен айналысады. Жерлестері ең дәмді наннан ауыз тисін деген ниетпен Темірлан таңғы бесте оянып, тандырда нан пісіреді. Оқу мен ителлектуалды дамуға баса көңіл бөлетін ол Елбасы кітапханасының жұмысы мен аталмыш семинар-тренингке жоғары бағасын берді:

– Бәрі жоғары деңгейде, ірі ауқымда өтті. Семинар барысында ғимарат табалдырығын аттаған сәттен-ақ мемлекет үшін маңызы зор мәселелер көтеріледі деуге болады. Мәңгілік ел болу мақсатында халық, әсіресе жастар, еңбек пен білімге құштар болуы тиіс. Ата-бабамыз тар, тайғақ жол кешуде аңсаған тәуелсіздігімізді, тіліміз бен ділімізді сақтауымыз керек. Осы орайда семинардың форматы маған қатты ұнады. Бүгінде, ақпарат тез ескіретін заманда мұндай семинарлар білім қорын жедел жаңартып отыруға септігін тигізбек, - дейді Темірлан.