Талдау мен болжам. Энергетика келешегі: дамудың жаңа үрдісі

Сыртқы және ішкі саясаттағы өзекті мәселелер бойынша талдамалық баяндамаларды дайындау және жарыққа шығару – Елбасы Кітапханасының қолға алған негізгі бағыттарының бірі.
Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің басшысы Мариан Әбішеваның сөзінше, өткен жылдың соңында қос баяндама жарық көрген. Еңбектердің бірі ЕО Орталық Азиядағы саясатына, екіншісі энергетика нарығының дамуына арналған. Баяндамалар ғылымның нақты салаларында тер төгетін сарапшылардың кәдесіне жарайды. Сонымен қатар дәйекті деректерді әлеуметтік-саяси мамандықтарды меңгеретін студенттерге, магистранттарға, докторанттарға пайдалана алады.

Oblojka#2

Баяндамаларда ауқымды статистикалық мәліметтер ұсынылған. Ақпарат көзі ретінде отандық және шетелдік дереккөздер мен ағылшын тілді сайттардағы ең соңғы ақпарат қолданылған.
– Талдамалық баяндамаларды дайындау және басылымнан шығару кезінде шешетін мәселелеріміздің бірі – халықаралық саясат пен экономика салаларындағы ең соңғы және озық жаһандық зерттеулерді қазақстандық қауымға қолжетімді ету. Үздік әлемдік тәжірибені зерттеу және талдау аймақтық және халықаралық деңгейдегі қорытынды мен ұсыныстарға жол ашады, - деп Мариан Асарқызы түсіндірді.

Елбасы Кітапханасындағы Геосаяси және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Мұрат Абылғазин Еуразиядағы мұнай-газ нарығы тақырыбын кеңінен зерделеген. Ғалымдар мен сарапшылардың дені мұнай-газ нарығын зерттеуде Азия мен Еуропаны бөліп қарастырады. Сондықтан «Еуразияның энергетикалық картасы: мұнай-газ нарығының үрдісі» талдамалық баяндамасы ғылыми орта үшін аса маңызды болып табылады.
– Нарық заңы – табиғат заңы. Еуропа мен Азияның бір-біріне жақындасып жатқан екі бөлек әлем екенін білеміз. Арадағы байланыс көпірін посткеңестік кеңістіктегі елдер, оның ішінде Қазақстан да құрады деуге болады, - деді Мұрат Абылғазин.

Сарапшының сөзінше, бүгін мұнайды өндіру және тұтыну орталықтарының ауысуы байқалады. Егер Еуропа мұнайды тұтыну қарқынын бәсеңдетсе, Азия елдерінде көрсеткіш ұлғаяды.

– Жаңа үрдістер 2014-2015 жылдары пайда болды. Оның нәтижесінде түзелмейтін өзгерістер орын алып, мұнай-газ нарығындағы ойыншылар арасындағы қарым-қатынас өзгерді. Енді мұнай бағасын өндірушілер емес, тұтынушылар орнататын болды, - деді Мұрат Баймолдаұлы.

13

Бұл процестер АҚШ-тағы сарқылмайтын қуат көздері мен тақтатас мұнай-газ өндірісінің қарқынды дамуымен қатар басталды. Зерттеуде бүгінгі әлемнің қалай өзгергені де жан-жақты сипатталады. Сарапшының болжамы бойынша энергия қорлары әлем нарығына және геосаяси күштердің орналасуына ықпалын тигізетін болады.

Қазір Мұрат Абылғазин сарқылмайтын қуат көздеріне қатысты жаңа зерттеу жұмысын қолға алды. Сарапшы баламалы қуат көздерін пайдаланудағы жаһандық тәжірибені бағамдауды жоспарлап отыр.