ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯЛАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ЗОР

Елбасы кітапханасының Экскурсиялық қызметі кітапхана қор коллекцияларын насихаттау, патриоттық, эстетикалық тәрбие беру мақсатында қаңтар айының соңында тақырыптық экскурсиялар айлығын бастаған болатын.

«Тақырыптық экскурсиялар айлығы» – Астана қаласындағы мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғарғы оқу орнының студенттерін, қала қонақтарын елдің тарихы мен мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін экскурсиялық жұмыстың тиімді әдісі.

            Экскурсия қызметкерлерінің айтуынша, айлық  басталғалы бері Елбасы кітапханасы мен музейінің ғимаратына келушілердің қатары көбейген. Мектеп оқушылары, колледж студенттері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен қала қонақтары тарапынан келіп түскен өтінімдер – мәдениет пен өнерге, өткен тарихқа деген қызығушылықтың күн санап артқандығының айғағы.

            Қазақстан Республикасы мен оның Тұңғыш Президентінің ядролық қарудан және ядролық сынақтарды өткізуден бас тартуға негізделген жаһандық көзқарастарын баяндайтын «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» атты тақырыптық экскурсиясын «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалдарының төрағалары, «Өрт сөндіруші» АҚ қызметкерлері, Астана техника-экономикалық және Көлік және коммуникация колледждерінің  студенттері тыңдады.

Елбасы кітапханасының музей ғимаратындағы Алтын залда ұсынылған «Астана – Қазақстан тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны» атты тақырыптық экскурсияға елордадағы №4 орта мектептің 6 сынып оқушылары қатысты. Экскурсия барысында оқушылар назарына тәуелсіз еліміздің елордасы – Астана қаласының қалыптасу кезеңдерін, бас қаланың саяси, геосаяси, экономикалық, әлеуметтік даму аспектілерін, жүргізілген қайта құрулардың ауқымдылығы мен осы үдерістердегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлін баяндайтын материалдар кешені ұсынылды.

Астана қаласындағы №8 орта мектептің 7 сынып оқушыларына Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткен залда «Қару-жарақтар коллекциясы» бойынша тақырыптық экскурсия жүргізілді. Экскурсияда жас жеткіншектер қазақ батырларының дәстүрлі қарулану жүйесімен және әлемге әйгілі Құбашы және Златоуст қару-жарақ шеберлерінің туындыларымен танысты.

«Күмістің сұлу сыңғыры» тақырыптық экскурсиясын №63 мектеп-гимназияның 8 сынып оқушылары тамашалады. Экскурсияда жасөспірімдер әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі саналатын заманауи Қазақстанның көп векторлы саясатына, сонымен қатар өнері мен мәдениетіне құрмет ретінде тарту етілген сыйлықтармен танысты. Сонымен қатар күмісті өңдеудің түрлі техникалары (шілтерлеу, бүршіктеу, қалыптау және т.б.) арасында әсіресе, ресейлік шеберлер жұмыстарынан көрініс алған күмісті қарайту әдісі тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

 «Қазақстан Республикасы: мемлекеттік даму стратегиясы» атты тақырыптық экскурсияға № 62 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушылары қатысты. Экскурсия барысында тыңдаушылар ҚР Президентін ұлықтау рәсімі туралы материалдармен танысып, Мемлекет басшысының өз қызметіне ресми кірісу салтанаты жайлы баяндайтын бейнероликті тамашалады. Осылайша ел дамуындағы түбегейлі өзгерістермен танысқан жеткіншектер ерекше әсер алып қайтты.

«Тәуелсіздік бастауында» атты тақырыптық экскурсияда елордадағы №7 мектеп-гимназия мен №8 орта мектептің 9-11сынып оқушылары қазақ халқының егемендік жолындағы алғашқы тағдыршешті қадамдары жайлы баяндайтын бірегей тарихи құжаттар, мұрағаттық фото және бейне материалдар, газет басылымдары мен музейлік жинақ экспонаттарымен танысты. Олардың арасында Кенесары Қасымұлының қарулы көтерілісінен кейін қазақ халқының Ресей отаршыл билігіне ресми саяси талаптар қойған материалдар: «Қарқаралы петициясының» көшірмесі, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына, елімізде президенттік институттың қалыптасуына, ұлттық валюта – теңгенің енгізілуіне  қатысты құжаттар, Елбасының қандай да бір оқиғаларға байланысты блокноттарындағы жазбалары оқушылардың ерекше қызығушылығын оятты.

Елбасы кітапханасының ғимаратында орналасқан «Шахмат әлемінде» тақырыптық экскурсиясына №35 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Екі бөлімде өткізілген экскурсия барысында жас өрендер шахмат тарихымен тереңірек танысып, түрлі коллекцияларды тамашалады. Экскурсия соңы шахмат ойынына ұласты.

Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінің студенттеріне «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс» тақырыптық квест-экскурсиясы жүргізілді. Экскурсия барысында жастар спорт саласы саңлақтарының жетістіктерімен танысып, квест ойына қатысты.

Еске сала кетейік, Елбасы кітапханасы мен музейінің ғимараттарында жүргізілетін «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Тәуелсіздік бастауында», «Астана – Қазақстан тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны», «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы», «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары», «Қару-жарақтар коллекциясы», «Қазақстанның спорттық даңқы», «Күмістің сұлу сыңғыры», «Шахматтар коллекциясы» тақырыптық  экскурсиялар айлығы ағымдағы жылғы 22 ақпанға дейін жалғасады.