ТАҒЛЫМЫ МОЛ ВОЛОНТЕРЛІК САҒАТ

Жуырда елорда мектептерінде «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» тақырыбында волонтерлік сағат апталығы басталды.

Елбасы кітапханасының волонтерлері 4-7 сынып оқушыларына онлайн-сабақтар өткізді. Ондағы мақсат – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы маңызды рөлін ашу, жеке тұлғаның патриоттық және азаматтық қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың сөйлеу, есте сақтау қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейту.

Волонтерлік сағат барысында жас өрендер Елбасының өмірбаянымен танысып, оның еңбек және саяси жолы жайында қызықты фактілерді біліп, Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесінің тарихына үңіліп, елдің жаңа тарихы туралы білімдерін бекітті.

Елбасының Жеке архивінен алынған мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттар, сондай-ақ кітапхананың музей топтамаларынан алынған жәдігерлер көрнекілік ретінде пайдаланылды.

– Тамаша волонтер Бану Сегізбаева 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасы туралы өте қызықты ақпараттар айтып, жобаларды таныстырды. Біз көп нәрсе білдік. Болашақта қазіргі Қазақстанның тарихын зерделеу кезінде осы алған мәліметтер қажет болады деп ойлаймын. Елбасы кітапханасының волонтерлерімен офлайн-сабақтарда жүздескім келеді, – деп өз пікірін тыңдаушылардың бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Ділдә Ержан жолдаған.

Бүгінде №№ 54, 59, 88 және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде волонтерлік сағат өткізілді.

30 қараша күнгі сабаққа №79 мектеп-лицейі мен №2 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысады. Осылайша «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» тақырыптық волонтерлік сағатына қатысқан оқушылардың жалпы саны – 700-ді құрайды.