Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» пікірсайыс клубы елорданың техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогіне онлайн қалалық пікірталас турнирін өткізді. Турнир Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы және қазақ мемлекеттілігі» тақырыбында ұйымдастырылды.
«Ақиқат» пікірсайыс клубының мақсаты – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзекті мәселелерді талдау арқылы жастардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысы мен қойылған мәселені өз бетінше шешіп, ақиқатқа жетуге баулу.
Іс-шараның ашылуында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
–Ықылым заманнан бері сақталып келе жатқан мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді әлемге танытуымыз үшін жастар белсенді және сауатты болуы керек. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп әрдайым жастардың жан-жақты дамуына ерекше назар аударып келеді. Жастардың бойында шешендік өнерді дамытуда осындай пікірталас турнирлерінің алар орны ерекше. Келесі жылы құрылғанына 10 жыл толатын «Ақиқат» пікірсайыс клубының бүгінде өзінің қалыптасқан аудиториясы бар. Алдағы уақытта клуб өзінің мақсат-міндетін кеңінен жүзеге асырады деп сенемін, -деді Ботагөз Мұттахиденқызы.
Онлайн форматта өткен пікірталас турнирінде жастар саясат, экономика, еркін тақырып бойынша өзекті мәселелерді талқылап, тың идеялар айтып, өз ойларын ортаға салды.
Турнир қорытындысы бойынша төмендегі топтар жеңіске жетті:
Қазақ лигасы:
І орын – «Төзім» командасы (Халықаралық лингвистикалық колледжі);
ІІ орын – «Финалдамызғо» командасы (Гуманитарлық колледжі);
ІІІ орын – «Достық» командасы (Халықаралық лингвистикалық колледжі).
Орыс лигасы:
І орын – «Бирмингем» командасы (Басқару колледжі).
Сонымен қатар «Үздік спикер», «Үздік бапкер», «Үздік төреші» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.