СЫРЛЫ КЕЗДЕСУ: МӘДЕНИЕТТІҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

29-30 наурыз күндері Елбасы кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасының аясында «Қазақстан жолы: Мәңгілік ел» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Игі дәстүрге айналған оқыту шарасы бұл жолы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттерін тоғыстырды. Жастар мазмұнды дәрістерді тыңдап, коучинг үлгісіндегі тренингтерде пікірлерін ортаға салды.

Бірегей сұхбат алаңында алматылық студенттермен бас қосып, еліміздің бүгіні мен болашағы жайлы ой толғадық. Әрбір жас өзінің пікірімен және идеяларымен бөлісті. Елімізді гүлдендіретін біз жас ұрпақ. Жауапкершілік жүгін сезіне білуіміз қажет, - дейді Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 2 курс студенті Ли Валерия.

Семинар-тренинг аясында жастар М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театрының директоры Еркін Қасеновпен кездесті. Естеріңізге салсақ, 27 наурызда Халықаралық театр күнінің мерейі атап өтілген болатын. Мәдениет пен өнер халықтың рухани діңгегі болғандықтан, Елбасы Жолдауында «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деп атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясында дүниеге көзқарас пен құндылықтар дағдарысының жаһандық сын-қатері белгіленгендіктен, жалпықазақстандық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда мәдениеттің рөлі мен мәнін жаңаша ұғыну өзектілігі туындап отыр. Заманауи қоғамдағы театр саласының басты миссиясы мен маңыздылығын жастарға Еркін Тілеуғазыұлы түсіндірді.

– Телевизия киноның, театрдың, кітап-газеттердің орнын басатынын жиі естуші едім. Қазір Астана жастары үшін тұрғызылып жатқан ойын-сауық кешендерінің саны көп. Елорда тұрғындарының өмірі жаңа мәдени шаралар мен оқиғаларға толы. Алайда театрға деген қызығушылық еш бәсеңдеген емес, керісінше, көрермендердің қатары толығып келеді. Көрермендердің арасында үлкені де, кішісі де бар. Театрға келген адамның әрқайсысы көкейін мазалағанн сауалдарға сахна қойылымдарынан жауап іздейді.  Соны әрдайым ескеретін әртістер шынайылықты жеткізу өнерінің арқасында көрермендердің ықыласына бөленуде. Демек, адамдар театр қойылымдарына зәру деуімізге толық негіз бар. Себебі кез келген қойылым адам санасына ықпалын тигізіп, көкірек көзін ашады, оның жаңаша ойлауына түрткі болады, - деді ол.

Еркін Қасенов сырлы кездесу барысында семинар қатысушыларының сұрақтарына жауап беріп, театрдың шығармашылық қызметі туралы сөз қозғады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында «академиялық» мәртебесін иеленген театрдың ұжымы 24 наурызда «Қазақстан Республикасында орыс мәдениетін сақтауға және насихаттауға қосқан үлесі үшін» РФ президенті Владимир Путиннің сыйлығының иегері атанды. Қос мәдениеттер ынтымақтастығының жемісі  жайлы сыр шерткен Еркін Тілеуғазыұлы алдағы жоспарларларға тоқталып, жастарды театр қойылымдарына шақырды.

Кездесу кезінде қатысушылар кез келген өнер туындысы бірлікті, патриоттық және жасампаздық идеяларын насихаттауы қажет екендігін  айтты. Осы тұста Мемлекет басшысы:

– Қазақстандық мәдениет әлемге танылған өзге мәдениеттердей болуы тиіс. Әңгіме әлемге ең танымал 30 мәдениеттің қатарына кірудегі стратегиялық мақсат туралы болып отыр. Осы орайда, қазақ және жалпықазақстандық мәдени мұраны жаһандық таратудың тетіктерін ойластыру маңызды. Бұл үшін ақпаратты алға жылжытудың жаңа технологиясын іске қосу қажет. Бұған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, сондай-ақ әлемдік ауқымдағы өзге де іс-шаралар мен форумдар тамаша мүмкіндік береді, - деп нұсқаған болатын.

Мемлекет басшысының тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларына үңілген «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің қатысушылары сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Елбасы кітапханасының орынбасары Жапсарбай Қуанышев мәдени кездесудің басты қонағына «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын табыс етті.