СЫНИ ОЙЛАУДЫ ДАМЫТУ: ТАРИХШЫ ҰСТАЗДАР ТОҒЫСТЫ

Бүгін Елбасының кітапханасында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқытудың заманауи үрдістері» тақырыбында тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған республикалық оқу-әдістемелік семинар өтті. Бағдарлама аясында Кітапхана бойынша экскурсиялар, дәрістер, сонымен қатар «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми-білім беру орталығындағы тәжірибе жұмыстары қарастырылды.

Семинар озық педагогикалық тәжірибені таратып, білім беру үрдісіне заманауи тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы оқытудың тиімділігін арттыруға, мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіруге негізделген.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Осыған орай білім беру жүйесінің басты міндеті  сыни ойлау қабілетін және өздігінен іздену дағдыларын, IT-білімді, отансүйгіштікті дамытуға бағытталуы тиіс.

Бұл мақсатта «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2016-2017 оқу жылында білім беру ұйымдарының мұғалімдерін оқытатын семинарларды өткізу жоспарын құрды.

– Семинар барысында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін және оның құндылықтарын оқу бағдарламаларына енгізудің маңыздылығын қарастырдық. Білім беру процесіне Елбасытану курстарын енгізу жауапкершілігі мұғалімдерге артылған. Оның арқасында өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштікті ұялатуға жол ашылады. Мектеп оқушыларын емтихандарға дайындау бойынша тәжірибемізді шыңдадық. Осы тұста шара ұйымдастырушыларына, әсіресе Елбасы өмір жолымен байланысты жәдігерлермен танысу мүмкіндігін ұсынған Кітапхана қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Мәдина Шығанбаева.

– Өзім тарихшы болсам да, бірнеше сағаттық дәріс барысында Қазақстан шежіресінің жаңа қырларын аштым. Дәріскерлер бізбен жұмыс жасап, тарих пәнін оқытудың жаңа әдістерін үйретіп жатты. Осы тұста олармен тәжірибе алмасу барлық қатысушылардың көңілінен шықты десем болады. Семинардан алған әсердің арқасында жаңа интеллектуалдық ізденістерге қанаттандық. Алған білімімізді практикада пайдалануға уәде береміз, - деді Жамбыл облысындағы Ақыртөбе орта мектебінің мұғалімі Айткүл Алтайбаева.

Білім алушылардың оқуға құштарлығы мен шығармашылық қабілеттерін арттыру – мұғалім үшін басты міндеттердің бірі. Мамандығы мен жасөспірімдерге деген мұғалім махаббатының арқасында ғана сабақ арқылы оқытудың сапасы мен нәтижелігін арттыруға болады.

– Елбасы кітапханасы әдістемелік қолғабыс беруге қашан да дайын. Еліміздің тарихына қатысты қарапайым оқулықта жоқ материалдардың Кітапхана архивінде бары көпке белгілі. Көкейлеріңізде туған кез келген сауалдарыңызға қуана жауап береміз. Алдағы уақытта Кітапхана ғимаратына шәкірттеріңізбен келулеріңізде болады, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков.

Семинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 57 шақты білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты.

Семинардың қорытындысы бойынша «Дарын» РҒПО әдіскері Медет Дүйсенбай Елбасы кітапханасының қызметкерлері Гүлмира Кенжебалинаға, Ғазиз Телебаевқа, Сағынтай Бердағұловаға, Ақбота Хамитоваға, Құралай Шайкеноваға, Күнсұлу Исиноваға, Күнзия Үмбетоваға алғысын білдіріп, сертификаттар табыстады.