2017 жылдың 29 наурызында Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында «Суреттерде бейнеленген тағдырлар» көрмесі ашылды. «Ұлттық игілік» жобасының аясындағы жаңа экспозиция Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің 25 жылдығына арналған.

Айта кеткен жөн, 2008 жылы Атырау облысының мұражайлары «Алға ұмтылған Қазақстан» ауқымды жобасына бастамашылдық танытты. 2011 жылы мұнайлы өлкеде ҚР Тұңғыш Президенті музейінің қорынан көрме ұйымдастырылды. Енді биыл атыраулық әріптестер үшін мерейтой жылы Астанада жемісті серіктестіктің нәтижесіне айналған бірегей оқиға орын алып отыр.
– «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасы елордамыздың халқы мен қонақтарын Қазақстанның тарихымен, аймақтардың этнологиясы және мәдениетімен таныстыруға бағытталды. Оның аясында 12 облыста музей жинақтарының көрмесі өтті. Аталмыш жобаны жүзеге асыруда облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен серіктестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Атырау облысының музей қорынан ұсынылған «Жайық жағалауы сыр шертедi» көрмесі музейге келушілердің қызығушылығын тудырды. Бұл Атырау аймағының тарихи-мәдени мұрасының бар маңызын әрі алуандығын паш етті. Бүгінгі көрме атыраулық суретшілер мен мүсіншілердің өзіндік бір мәдени әлеміне сапар шеккендей әсер қалдырады, - деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Көрмеде Шаймардан Сариев, Жоламан Аралбаев, Қамбарбек Аманов, Рафаэль Слекенов, Исім Арыстанов сынды атыраулық суретшілердің жұмыстары көпшіліктің назарына ұсынылды. Көрменің кескіндемелік жұмыстар топтамасы қылқалам шеберлерінің ой ұшқырлығы мен асқан шеберлігінен туындаған. Олар портрет, пейзаж, натюрморт сынды кеңінен тараған жанрларда орындалған.
– Біздің музей үшін биылғы жыл мерейтойға толы. Музейіміздің 25 жылдығы, Ш. Сариевтің 80 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастыруды ұйғардық. Бұл көрме – алғашқы мерейтойлық іс-шара. Бұдан бөлек халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Ш. Сариевтің жеке көрмесін өткізу жоспарланып отыр. 25 жылдың ішінде кішігірім картина галереясынан еңселі өнер музейіне дейінгі жолды жүріп өттік. Алғашқы көрмелеріміз ашылғанымызды таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Ал бүгін осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістігімізді паш ететін есеп беру көрмесі ұсынылған, - деп көрменің маңыздылығына Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы тоқталды.

Көрменің құрметті қонақтары арасында Ш. Сариевтің жұбайы, бүгінде Ш. Сариев атындағы қордың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күлпаш Сариева да болды. Ол жолдасының шығармашылық жолын, оның өмірбаянындағы жарқын сәттерді және Ш. Сариев атындағы қордың қызметі туралы баяндап берді.
– Ш. Сариев өз Отанының шынайы патриоты болды. Әрине Қордың қызметі қазақ халқының бай әрі рухани мұрасын насихаттауға бағытталған. Біз «Әдіскер», «Елтану», «Суретті қазақ тілі», «Қазақ тілі өлкетану», «Кәсіптік қазақ тілі» секілді журналдар басып шығарамыз. Ш. Сариев ұшқыр ойлы көп қырлы тұлға болатын. Қазір біз оның өлеңдер жинағын баспаға дайындауға кірістік. Ол картиналарындағы бейнелерді өлең жолдарына да түсіре білді. Сұлу да пәрменді өрілген өлең жолдарына назар аудармау мүмкін емес. Кейбір өлеңдерін бала кезінен досы Ф. Оңғарсыноваға арнаған. Бұған қоса, Ш. Сариев Қазақстандағы өнер туралы ой-пікір жазған жалғыз суретші деп білемін, - деді Күлпаш Сариева.

Көрмеге ұсынылған әрбір туынды өз алдына қайталанбайтын дүние және қылқалам шеберлерінің шығармашылық тұлғасын сипаттайды. Барлық авторларға тән ортақ ұқсастық – табиғи және заттық әлемнің әсемдігі мен құпия сырларын ашуға деген қызығушылық.
Қамбарбек Аманов, Қабдол Досниязовтың туындыларында табиғат пен айқын суреттелген жеке авторлық ұстаным және көңіл-күй арасындағы үндестік байқалады. Табиғат көріністері аспан, су, жерден ажырамайтын тұтас және аяқталған дүние ретінде беріледі. Кескіндемелердің барлық бөліктері бір-бірімен біте қайнасып, пейзаждың ішкі жан дүниесінен сыр шертеді. Шаймардан Сариевтің қылқаламынан туған портреттерге қайталанбас сары-қоңыр бояулар реңі тән.

– Кез келген музей, ең алдымен, қор екені белгілі. Сондықтан біз Астанаға қорымыздың ең үздік дүниелерін алып келдік. Әрине, бұл – біздің мақтанышымыз, «алпысыншы жылдардағы» шығармашыл буынның жарқын өкілі Шаймардан Сариевтің туындылары. Шаймардан Сариевтің өнер жолындағы алғашқы қадамынан бастап-ақ оның айрықша талантты жан екені аңғарылады. Әсіресе, оның 60-жылдардағы кескіндемелік туындылары ұлттық нақышқа тұнып тұр. Суретшінің өзі сол кезеңде: «мен бояуларды қазақша үйлестіремін» деген еді. Сондай-ақ, көрмеде Ш. Сариевтің ізін басқан жас суретшілердің жұмыстары ұсынылған. Осындай көрмелерді өткізу – музейлер арасындағы ынтымақтастық қана емес, сонымен қатар, тәжірибемен, әдіс-тәсілдермен, біліктілікпен алмасу, – деді Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Нұрпейісова.
Көрме Атырау облысының қазіргі суретшілері мен қолөнершілері шығармашылығының өзіндік ерекшелігін паш етеді. Авторлық қолтаңбасы бар күрделі әрі қайталанбас шығармашыл тұлғалардың туындыларымен танысуға мүмкіндік бар. Кескіндемелік жұмыстардан басқа танымал шеберлер Нұрсұлтан Қалиев пен Кеңес Айтқалиевтердің теріден және ағаштан жасалған сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылған.

Көрме 2017 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.