«СУРЕТШІ КӨЗІМЕН»: ӘДІЛҒАЛИ БАЯНДИННІҢ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ

Үстіміздегі жылдың 11 қазанында Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің «Суретші көзімен» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Ә. Баяндин 1966 жылы 14 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік өнер академиясын бітірген. «Көтібар», «Қобыланды», «Тайлақ батыр» кітаптарына жасалған иллюстрациялардың, сондай-ақ «Көтібар батыр» және «Бек әулие» мазарлары жобасының авторы.

Суретші Ә. Баяндин Қазақстанда, сондай-ақ шетелдерде өткен көптеген көрмелердің, бейнелеу өнері бойынша фестиваль және симпозиумдардың қатысушысы әрі жеңімпазы: 2014 жылы – «Санкт-Петербург қаласындағы Астана күндері» көрмесі; Астана қаласындағы «Қазақстан мұнайы» көрме-байқауы; Алматы қаласындағы Ә. Қастеевтің 110 жылдығына арналған көрме; 2015 жылы – Стамбул қаласындағы «Астана-Стамбул» пленэрі; Италиядағы «Көшпенділер әлемі» байқауы (2 орын).

Ә. Баяндиннің жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Германия, Корея, Балтық елдері және басқа да мемлекеттердің музейлерінде ұсынылған, сондай-ақ жеке коллекцияларда сақтаулы.

– Суретшіні қазақ халқының тарихы тереңнен толғандырады, қазақтың көне аңыз-ертегілері мен әуендерінен шабыт алып, қанаттанады. Автор тарихи тақырыптарға қылқалам тарта отырып, ұлы бабаларымыздың айбынды бейнесін кенепке дәл түсіруге талпынады, – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева көрмені ашқан алғы сөзінде.

Көрмеге Ә. Баяндиннің 50-ден астам туындысы қойылған. Автордың пікірінше, кез келген көрмеде эскиздер, нобайлар, жұмыстардың суреттемелері ерекше орын алады:

– Нағыз суретші қашан да ізденіс үстінде. Суретші картинаны салар алдында жылдар бойы жиналған нобайларын қағазға түсіреді. Ал көлемді туындыны жазарда ондаған, жүздеген, сансыз көп нобайларды алдын ала дайындау қажет. Бұл – жұмыстың қалыптасқан дәстүрлі тәсілі.

Суретші туған ауылының акрилді суреттемелерін өзіне жақын әрі қымбат санайды:

– Жасым ұлғайған сайын балалық шағым өткен туған ауылымды жиі есіме аламын. Ауылыма арнаған туындыларым өте қарапайым, сатылымға шығарылмайды. Себебі, олар ең бақытты балалығымның естеліктерінің жаңғырығы іспетті.

Бүгінде суретшінің шығармашылығы нағыз қылқалам шебері ретінде бірегей жоспарлар мен жобаларға толы. Оның шеберлігіне табынушылар жақын арада басталған бірнеше ірі жобаларды тамашалай алады.

– Әділғали Баяндин Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі белгілі тұлғалардың бірі. Ол – келешегі зор және үнемі ізденісте жүретін суретші. Әділғали заманауи кескіндеме мәселелеріне көп көңіл бөледі. Бұған қоса, оның фольклор тақырыбына бет бұруы таңдандырмай қоймайды, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сембіғали Смағұлов.

Суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өмірәлі Исмаилов шығармашылық жолындағы әріптесіне қолдау көрсетуге арнайы келді:

– Мен Әділғалиды қазақстандық сәндік кескіндеме өнерінің жарқын өкілі деп есептеймін. Оның қазақ халқының тарихын қылқаламмен байланыстыруы ерекше қуантады. Мұны тарихшылар үшін деректі кескіндеме деуге де болады.

Көрмеге келушілердің басым бөлігі Әділғали Баяндиннің «Батыр», «Аңшы», «Аламан бәйге», «Қарақұм» және тағы да басқа туындылары алып батырлар тұлғасын, аңшылар, құсбегілер, күйшілер мен ақындар, көшпенділер үрдісін көрсететін сырлы әлемді бейнелейтініне назар аударды. Көрменің қонақтары суретші ұсынған картиналардың тұңғиық әлеміне еніп, оқиға желісін өзінше болжай алады.

«Суретші көзімен» көрмесі 2017 жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады.