28 ақпанда Елбасы кітапханасына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Сума Чакрабарти және Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов келді.
Қонақтар алдымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясының түпкі негізі мен іс жүзінде іске асырылуы туралы баяндайтын шағын фильмді тамашалады. Бұдан әрі меймандар назарына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюының маңызды кезеңдерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер ұсынылды.
Ұлттық валютаның тарихы мен қалыптасуына арналған «Теңге» бөлімінде меймандар шынайы толықтырылған технологиясын пайдалануға мүмкіндік алды.
Планшеттерді банкноттардың үлгілеріне жақындата отырып, олар ұлттық валютада бейнеленген көлемді символдар мен нысандарды көрді. Қайрат Келімбетов Сума Чакрабартиді банкноттардың алғашқы үлгілерімен таныстырып, онда бейнеленген тарихи тұлғалар туралы тарқатып айтты.
Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратының экспозицияларында IT-технологиялардың түр-түрі қолданылады. «Стратег жолы» залында Қазақстан астанасына арналған «Қаланың дамуы» мэппинг-шоуы көрсетіледі. Шоу Нұр-Сұлтан қаласын жер шарында белгілеуден бастау алып, мегаполистің әлем картасындағы философиялық көрінісі ретінде жібек кілемін бейнелеумен жалғасады.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мұрасы музейде өте кең көлемде әрі толық көрініс тапқан. Бұл құнды мұраны халықтың болашақ ұрпағы үшін сақтау өте маңызды. Бұл жерге бәрі отбасыларымен келу керек, өйткені мұнда қызықты әрі бағалы. Архив материалдарынан алатын әсер де бөлек», – деп ой бөлісті Сума Чакрабарти.
Бұдан кейін қонақтар «Стратегия 2030» және «Стратегия 2050» мемлекеттік даму бағдарламаларына арналған залдармен, Елбасы бастамашылық еткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасы жеңімпаздарының өмір жолымен танысты. Сонымен қатар С.Чакрабарти фотосуреттер топтамасының ауқымдылығына таң қалған «Әлем таныған Елбасы» фотогалереясын көрді.
Экскурсия соңында қонақтар музейдің жетінші залында тұрған ұлттық аспаптарда бірнеше ән әуелетті. Сума Чакрабарти қазақтың домбырасын тарта алатынын көрсетіп, Елбасы кітапханасы музейінің электронды кітабына естелік жазба қалдырды.
Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесу барысында қонақтар кітапхана ұжымына тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен жетістіктерін сақтау және дәріптеу мақсатында жүргізілген экскурсия мен жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.



