Ағымдағы жылдың 18 наурызында Елбасы кітапханасында «АҚШ-тың сыртқы саясаты және оның Орталық Азияда іске асуы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Бұл іс-шара ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери стратегиялық зерттеулер орталығы және америкалық Хадсон Институтымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Елшілігі қолдауымен ұйымдастырылды. Конференция «Назарбаев орталығы» үшін дәстүрге айналған ашық пікірталас форматында өтеді.

Қазақстан Республикасындағы АҚШ дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Джон Марк Поммершайм АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты деңгейін жоғары бағалады: «Менің елім Қазақстанмен әріптес болғанын мақтан тұтады. Сіздер Азия жүрегінде орналасқан елсіздер. Қазіргі таңда Қазақстан осы өңірдегі елдерді бірлікте ұстауға көп күш салуда. АҚШ алыста болғанымен, біздің елдер арасындағы достық инновациялық технологиялар арқасында тығыз деуге болады». Ол біздің елдер арасында экономика, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен ғылым салаларында байланыстар мен қатынастарды дамыту маңызды екенін атап өтті: «Өткен кезеңдермен салыстырғанда бұл байланыстар қарқынды дамуда. Бізде әртүрлі бағдарламалар бар. Біз осы жетістіктерді кеңейту мен қолдауды жалғастыра береміз. Біз көптеген жолдармен адамдар арасында байланыс орнатамыз. Елдер арасындағы әріптестік – бұл үкіметтер арасындағы байланыс емес, бұл ең алдымен, бизнес-өкілдері, әлеуметтік қауымдастықтар, әртүрлі зерттеушілер арасындағы байланыс».

Әскери стратегиялық зерттеулер орталығының президенті, генерал-майор Қ.Ж. Қарбозов болашақекі жылдағы қазақстандық-америкалық әскери саладағы қатынастардың негізгі бағыттары туралы айтты және Қазақстан Республикасы мен АҚШ Қарулы күштерінің әскери ынтымақтастығы 2016-2017 жылдарға арналған жобасы туралы хабарлады. Сонымен бірге баяндамашы: «Сержантық корпусты дамытуда Қазақстанның әскери оқу орындарында оқыту әдістемесін жетілдіру бойынша ықпалдасу жоспарланған. Сонымен бірге тілдік оқыту бойынша да жұмыс жалғасуда. Жақын уақытта Қазақстан мен АҚШ әскери оқу орындары курсанттарымен алмасу да жоспарда бар».
Хадсон Институты әскери және саяси талдау орталығы директоры Ричард Вайц АҚШ-тың Орталық Азияға сыртқы саясатын талдай отыра сөз сөйлеп, Джон Керридің Қазақстанға сапары және осы өңірге Қазақстанның дипломатиялық үлесі мәселелерін көтерді.

Баяндамашылардың жарыссөздерінен кейін ашық пікірталас өтті.
Маңызды іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің бейінді бөлімдер басшылары, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің, Үкіметінің және СІМ өкілдері, ҚР Қорғаныс министрілігі мен өзге де министрліктер мен ведомстволар, ҚР мемлекеттік және жекеменшік талдау құрылымдары, қоғамдық ұйымдар, шетелдік дипломатиялық миссиялар, Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, халықаралық және ұлттық қауіпсіздік өкілдері, студенттер мен докторанттар қатысты.
