СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІНДЕГІ РӨЛІ ТҮСІНДІРІЛДІ

 Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс-техникалық колледжінің студенттеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан және мұсылман әлемі» дәрісі өткізілді.

Қазақстан Республикасы азаттықтың алғашқы күндерінен бастап теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясаттың бұлжымас бағытын ұстанады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы мен экономикалық әлеуетіне орай аймақтық тар ауқымда шектеліп қалмауға тиісті еді. Қазақстанның болашағы Азиямен де, Еуропамен де, Шығыспен де, Батыспен де байланысты болатын».

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның мұсылман әлемін прогресс пен даму жолында біріктіруге бағытталған күш-жігеріне, сондай-ақ Қазақстан бүкіл әлемге әділеттілік пен толеранттылық қағидаттарында қоғамды құрудың лайықты үлгісін көрсете алатынына назар аударады.

Ел президентінің айтуынша, «Ілім тұрғысынан ұшталған Исламды дамыту үшін қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар».

Қазақстан мұсылман әлемінің ажырамас элементі ретінде ислам мемлекеттерінің маңызды бірлестіктері аясында бірінші кезекте Ислам ынтымақтастығы ұйымында толыққанды әрі тиімді әрекет етеді. Қазақстан ИЫҰ-ға кірген сәттен бастап оның көп қырлы қызметіне белсенді қатысты.

Осы ірі халықаралық ұйымға 2011-2012 жылдар аралығында Қазақстанның төрағалық етуі еліміздің мұсылман әлемінің саяси аренасындағы беделін нығайтып, мемлекеттің мәртебесін асқақтатты. Еліміздің төрағалығының тарихи мәні зор.  

Қазақстанның бастамасы бойынша ИКҰ-ны Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деп қайта атау туралы шешім қабылданды, адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды, алғаш рет Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Дәріс барысында Қазақстандағы рухани, адамгершілік және құндылық бағдарларын қалыптастырудағы ислам рөліне ерекше назар аударылды.

Сабақта Тұңғыш Президенттің жеке архивінен алынған бірегей материалдар көрсетілді.