СТУДЕНТТЕРГЕ ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін Елбасы кітапханасының музейінде Еуразия гуманитарлық институты колледжiнің студенттеріне «Тәуелсіздік бастауында» квест-экскурсия өткізілді.

Болашақ гид-аудармашы мамандары үшін  бұл экскурсия ерекше болды. Өйткені оқу орнында теориялық біліммен сусындаған студенттер музейге келіп тәжірибе алмасты.

 «Елбасымыз  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  жас ұрпақты патриотизмге, мәдениеттілікке және білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.  Осындай тәрбиелік ұстанымды  ұялату мақсатында өткізілетін ойындардың бірі – квест. Экскурсия аясында ұйымдастырылатын квест ойыны қатысушылардың есте сақтау қабілетін арттырып, ой-өрісін дамытады», –деп ой бөлісті экскурсия жетекшісі Ботагөз Аяпбергенова.

Экскурсия барысында студенттер егемен елдің тарихымен танысып, тәуелсіз Қазақстанның тұрақты қалыптасып, өркендеу жолында атқарылған жүйелі жұмыстарға көз жүгіртті.

«Бүгін музейге келіп өзімнің болашақ мамандығым бойынша да, тәуелсіз еліміздің тарихы туралы да мол мағлұмат алдым. Тұңғыш Президенттің жұмыс істеген кабинеттерін аралап, мұндағы құнды жәдігерлер жайына тереңірек үңілдім. Әсіресе, квест-экскурсия  ерекше ұнады. Музейге келіп болашақ мамандығымның қыр-сырына қанығып, мол тәжірибе жинағаныма өте қуаныштымын», – деді  Еуразия гуманитарлық институты колледжінің студенті Малика Темірболатова.

Еуразия гуманитарлық институты колледжінің ағылшын тілі мұғалімі Қарлығаш Надим мұндай шаралардың  жастардың жан-жақты дамуына әсері мол екенін айтты. 

 «Елбасымыздың бұл ғимаратта 1997-2004 жылы аралығында қызмет еткені баршамызға аян. Экскурсияда Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік және саяси қызметі туралы толығырақ білдік. Елбасының егеменді еліміздің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесіне сүйсініп, көкжиегіміз кеңейіп қалды. Студенттеріміздің де көздері оттай жанып, құтты бір қанат біткендей рухани байып шықты».