Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Басқару колледжінің студенттеріне «Елбасытану» элективті курсы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған дәріс өтті.
Тыңдаушылар назарына Елбасы кітапханасының ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындылары негізінде құжаттар мен мәліметтер ұсынылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі, оның мектеп кезі, студенттік шағы және еңбек жолы туралы деректер Үшқоңыр ауылында, Алматы облысы, Қарасай ауданы Қаскелең қаласында, Днепродзержинск (Украина), Теміртау, Қарағанды, Алматы қалаларында жүргізілген ғылыми-іздестіру экспедициялар барысында жинақталған.
Архивтік фотосуреттер мен құжаттар пайдаланылатын дәрістер жасөспірімдердің қызығушылығын оятады, өйткені онда елдің Тұңғыш Президентінің бейнесі саясаткер ретінде ғана емес, жеке тұлға, адам ретінде де ашылады.
– Бүгін біз Елбасы тұлғасының көптеген қырларын білдік. Оның өмір жолы – бәріміз үшін үлгі. Біз өсуге, дамуға, мақсаттарға жетуге және еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге шабыт алып шықтық, – деп ой бөлісті Басқару колледжінің 1 курс студенті Аяжан Темірхан.
Қатысушылар тобын бастап келген Басқару колледжінің физика және математика пәнінің оқытушысы Назгүл Мұхаммед Елбасы кітапханасының ұжымына дәрісті ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, жаңа шығармашылық табыс тіледі.
Елбасы кітапханасы Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық феноменін зерттеу аясында музей педагогикасының бағыттарын кеңейтуге баса назар аударады. Осы мақсатта Елбасының өмірбаяны мен тарихи рөлін зерттеу бойынша ғылыми бағдарлама әзірленді. Іздестіру және ғылыми-зерттеу қызметі барысында Н.Ә. Назарбаевтың балалық шағы мен мектеп жылдары туралы мол материал жинақталды. Соның нәтижесінде өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сана-сезім мен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру мен дамыту мақсатында «Елбасытану» курсы әзірленді.
