Бүгін Елбасы кітапханасы музейінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Еуразия гуманитарлық институтының студенттері «Болашаққа жол өзіңнен басталады» оқу семинарында бас қосты.
Студенттер семинар-тренингтің бағдарламасы бойынша Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, «Индустрия 4.0» – төртінші өнеркәсіптік революция» бағдарламасы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелер қамтылған дәрістерге қатысты.
–Елбасы кітапханасында дәстүрге айналған семинар-тренингке қатысқаныма қуаныштымын. Екі күн ішінде Тұңғыш Президентіміздің өмірбаянымен тереңірек танысып, том-том кітаптарының сырын ұғындық. Елбасының жүріп өткен жолын, ел басқарудағы сарабдал саясатын, мемлекеттік маңызы бар құжаттарын білу – бізге өте қызықты әрі пайдалы болды. Кітапхана мен музейде орналасқан әрбір жәдігердің тарихына үңіліп, әрбір құнды кітаптарды парақтап, көптеген мәлімет алдық. Сондай-ақ Елбасы кітапханасы қызметкерлері еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдері, мемлекеттегі жаңа бағдарламалар бойынша тың ақпарат қамтылған дәрістер жүргізді. Жастардың жаңа белестерді бағындырып, алға қадам басуға шабыт беріп, баулып жатқан Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін! - деп ой бөлісті Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Бақытжамал Шадиева.
Оқу семинар барысында білімгерлер «Қазақстан жастарының конгресі» ассоциация түріндегі ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысовпен кездесті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жастар кеңесі, Түрік жастар кеңесіне және ТМД жастар кеңесіне мүшесі Т.Болысовтың жастар қоғамдық ұйымдары саласында мол тәжірибесі бар. Кездесуде «Eco Green House» – аймақтық штабтар негізінде жылыжайлар кешенін тұрғызу инновациялық жобасы іске қосқан спикер Жастар ұйымдарының жобалары мен Қазақстан жастары конгресінің жұмысына тоқталды:
–2002 жылдан бастап Қазақстан жастары конгресінде көптеген іс-шаралар атқарылды. Атап өтер болсақ, 2005 жылы конгрестің ұсынысымен «Жасыл ел» деген республикалық ұйым ашылды. Осы уақытқа дейін мүшелікке кіретін аталмыш ұйымның мақсаты да айқын. Қала тазалығына бей-жай қарамайтын 300 мыңға жуық жастар жаз айларында жұмыспен қамтамасыз етілді. Елбасының қатысуымен республикалық деңгейде форумдар өткіздік. Мен бұл қызметке келгенде жұмыс істеу бағытымызды басқа арнаға бұрдық. Конгрестің құрылғандағы мақсаты – барлық жастар ұйымдарын біріктіріп, жетекші болу болатын. Осы мақсатты негізге алып, кей жетекшілер мен басшылар қызмет атқарды, кейбірі атқармады. Сондықтан, алдымен үлкен жиналыс өткізіп жұмысымды бастадым. Бүгінде республика деңгейінде қанша ұйым бар екенін сараладық. Атап өтер болсақ, «Жасыл ел», «Жас Ұлан», «Ұлттық делфи комитеті», «Қазақстан студенттер альянсы», «Жайдарман» және одан да басқа ұйымдар біздің мүшелікке кіреді. Сондай-ақ, «Жас қалам» деген республикалық көлемдегі жобаны төрт аймақта өткіздік. Сонымен қатар, елімізде бірін-бірі танымайтын да ұйым мүшелері баршылық. Себебі, республикада жастар ұйымдары көп. Соларды біріктіріп, бір бағытта жұмыс жасау жоспарда бар.




