Елбасы кітапханасында «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының ХІІІ шақырылымы өтті. Басқосу еліміздің жоғары оқу орындарында және техникалық және кәсіптік колледждерінде білім алатын 130 жасты тоғыстырды. Келелі басқосуда тындырылған жұмыстар бағамдалып, 2016-2019 жылдарға арналған жаңа стратегия пысықталды. 11 жылдық тарихы бар ұйымның қызметі 2013 жылы тұралап қалған. Оған қайта дем беру жұмыстары 2015 жылы мықтап қолға алынды. Бүгінгі республикалық деңгейдегі басқосу – оның бір айғағына айналды.
– Ұйымның барлық облыстарындағы өңірлік штабтардың жұмысын жандандыруға мықтап кірістік. Бүгінде ұйымның қатарында еліміздің 98 жоғары оқу орнында оқитын 30 мыңға жуық студент бар. Олардың мүдделерін қорғауға, өздерін дамыту үшін мүмкіндіктер ұсынуға, азаматтық белсенділіктерін арттыруға және көшбасшылық қасиеттерді бойға дарытуға баса назар аударып отырмыз, - деп келешекке межеленген шаруаларды «Қазақстан студенттерінің Альянсы» қозғалысы көшбасшысының бірінші орынбасары Арман Ізімғалиев жіпке тізді.
Бүгінде еліміздегі жастардың саны 4 миллионнан асып жығылған. Олардың арасында 1 миллионнан астамы оқушы және студент саналады. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, саланың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлінбек. 2017 жылдан бастап жастармен атаулы жұмыс жүргізіледі. Нақты нәтижеге жету үшін жобалық тәсіл кәдеге жаратылады.
Студенттер қозғалысының маңыздылығын «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ қауымдастығының атқарушы директоры Айдын Сәбитов ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ұйым студенттердің қажеттіліктерін анықтап, олар үшін әлеуметтік лифтіге айналады.
Жиын аясында еліміздегі студенттердің жағдайы сарапталып, күрмеулі мәселелер талқыға салынады. «Қазақстан студенттерінің Альянсының» облыстардағы өкілдері қолға алған жобаларымен, студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жолдарымен таныстырады. Жиын барысында белсенді студенттер және үздік өңірлік штабттар марапатталады.


