Жыр алыбы Жамбыл «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп оны ұстаз тұтса, жазушы Мұхтар Әуезов «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалаған екен.
Иә, ұлтымыз үшін айтыс пен Сүйінбай ақынның есімі егіз ұғым. Туғанына екі ғасыр толған тұлғаны көпшілік, әсіресе Алатау баурайындағы жұртшылық айтыскер ақын деп таниды. Өйткені шашасына шаң жуытпаған жыр сүлейі Сүйінбайдай ақын некен-саяқ.
Осыдан 205 жыл бұрын қазақ даласында жыраулардың жалғасы, төкпе ақын Сүйінбай Аронұлы дүние есігін ашып, құс қанат ғұмырын киелі өнерге арнады. Ақындық өнер Сүйінбайға атасынан дарыса керек. Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмірлік серік еткен ақын асыл мұрасына алпыс жылдан астам уақытын арнайды. Ол өзі өмір сүрген алмағайып заманда отты жырларымен қазақтың рухын көтере білді. Тапқырлығымен, шешендігімен сөзден жеңіліс тауып көрмеген ақынды ұлты да ерекше жақсы көрді.
Сүйінбай өз уақытының жаңашыл ақыны ғана емес, хас батырлармен бірлесе жүріп жаумен айқасқан жүректілердің бірі болды. Ол қоқан қоқаңдап, Ресей жаншып, қазақтың дәстүрі тапталған кезеңде күн кешті. Осыны көзбен көрген Сүйінбай еліне қорлық пен зорлыққа қарсы тұратындай жігер беретін жалынды жырларын арнады. Ақын қиын-қыстау кезеңде халқына қара сөзін қамал етті. Ол «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Жабай батыр», «Қараша – Қараш ұлы екен» толғауларын сол оқиғаның ішінде жүріп жазды. Сондықтан бұл толғаулар оқырманды тебірентпей қоймайды.
Жұртын бірлік пен берекеге үндеген Сүйінбай патша билігі орнаған тұста ауылының биі болып табандай жиырма үш жыл халқына қалтқысыз қызмет етті. Осы уақыт аралығында да сөз өнерін серік еткен ол өлең-жырларында әлеуметтің мұң-зарын терең қозғайды. «Оның жырындағы әрбір шумақ бір философиялық кітапқа татиды. Ол – нағыз саңлақ ақын. Қытай әдебиетшілері әлі қозғай қоймаған талай дүниені қопарып тастапты. Ол – данагөй»,-дейді ақынның ғасырдан-ғасырға жалғанған жауһар жырларына тәнті болған қытайлық профессор Хуаң Жоңшяң.
Сүйінбай суырып салма ақын ретінде айтыстың асқақтауына өлшеусіз үлес қосты. Ол Қабан, Жанақ, Түбек, Шөше сынды атақты ақындармен кездесіп, өз қатарлары Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай ақындармен сөз сайысына түскен. Сүйінбай Аронұлының шығармаларында ақын «Сұраншым отыр, міне, судай тасып, Сарыкемерді жау келіп шапқанында, Сыпатай босып кеткен шөлге қашып» деген өлең жолдарымен Қаңтарбайды ойсырата жеңеді. Жыр сүлейінің Тезек төре және қырғыз Қатағанмен айтысы айтыс өнерінің озық үлгісі саналады. Сүйінбай бастаған қазақ-қырғыз ақындарының өлең-жырлары Алатаудың екі бетіндегі қос елдің ынтымағын нығайтып, бірлігін бекемдеді. Бұл айтыстың жазбаша түрі І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитова құрастырған 1935 жылғы жинақта жарияланған. Кейіннен бұл кітап 1975 жылы «Ақиық» деген атпен жарық көрді.
Жазушы Нағашыбек Қапалбек Сүйінбайдың ұмыт болған түгел түріктің ұраны – «Бөрілі байрақты» қайта өмірге әкелгендігін айтады. «Сүйінбайдың бір ерекшелігі – ол түркішіл ақын болған. Бүкіл дастандарды жатқа білген. «Бөрілі менің байрағым, бөрі басы ұраным», деп айтқан»,-дейді жазушы.
Арқалы ақын Сүйінбай жырды домбырамен құйындатып термелеп айтатын зор дауысты кісі болған екен. С.Аронұлы туралы терең қалам тербеп жүрген қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақынның болмысын былайша сипаттайды: «Өз сөзімен айтқанда, Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік; ол – айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Сүйінбай жырларының оның алмастай өткірлігі де, тайпалған жорғалығы да, қанатты тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді».
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін сарғайып жатқан тарихи жәдігерлер қайта жанданды. Қоймаларда шаң басқан қаншама құнды дүниелер жарыққа шықты. Ата-бабалардың асыл сөздері жақұттай жарқырап жұрттың жан азығына айналды. Сөз сүлейі – Сүйінбайдың асыл мұрасы да адамзаттың жадын жаңғыртты. Егемендіктің алғашқы жылдарында еңсерілген істердің бірі – қазақ теңгесінің шығарылуы болды. 1993 жылы қараша айында ең алғашқы банкноталар айналымға енгізілді. Төл теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылды. Қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеев салған Сүйінбай бейнесі 3 теңгеге басылып, бүкіл елге тарады. Қанша жыл ел игілігіне жараған бұл банкноталар бүгінде Елбасы кітапханасының музейінде сақтаулы тұр.
Осыдан 5 жыл бұрын Алматыда Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойы аталып өтіліп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен сол жылы Жамбыл атындағы филармонияның алдында ақынның ескерткіші ашылды.
Жыр сүлейінің 200 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хатында Елбасы былай дейді: «…Уақыт араға жылдар салып, заман алға ұмтылған сайын есімі ел есіне, туған халқына жақындай түсетін ұлы тұлғалар болады. Кезінде жыр дүлдүлі Жамбылдың өзі пірге балаған, елдің тәуелсіз болуын армандап, қиын заманда жырмен халқына жігер берген Сүйінбай сондай сүлейлердің санатынан еді. Әдетте үлкен ақынды да заманның өзі тудырады. Қазір тәуелсіз елде халқы оның есімін қастерлеуде, ескерткіштер тұрғызып, шығармаларын басып шығаруда, оның есімі мектептер мен көшелерге берілген. Ақынның есімі әрдайым халықпен бірге».
Семсер сөздің сайыпқыраны болған Сүйінбайдың шығармалары бүкіл Орта Азияға ортақ. Бір өлеңінде ақын «Сүйінбай – Алатаудай атым дардай», – деп өзін Алатауға теңейді. Расында әдебиет әлемінде ұлттық жырды биікке көтерген Сүйінбай Аронұлы қазақ халқының жадында ақтаңгер ақын болып қала беретіні анық.

