«Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасын қолдау мақсатында жүзеге асырылатын Елбасы кітапханасының «Ұлы дала тарландары» ақпараттық жобасының жаңа шығарылымы табысты кәсіпкер және көпбалалы ана Шынар Болсамбековаға арналады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының идеясы айтылып, «Рухани жаңғыру» ауқымды бағдарламасының бір бөлігіне айналды.
Шынар Болсамбекова – Целиноград қазіргі Нұр-сұлтан қаласының тумасы. Ол бала кезінен белсенділігімен ерекшеленіп, балабақша мен мектептің барлық іс-шараларына қатысты. Өзінің белсенді өмірлік ұстанымы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мектеп президенті болды. Ол Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «экономист-аудармашы» мамандығы бойынша оқып, бітіріп шығады. 2005-2014 жылдары «ҚазМұнайГаз» АҚ бюджеттік жоспарлау департаментінде қызмет етті.
2007 жылы тұрмыс құрып, біраз уақыттан кейін декретке шықты. 2009 жылы екінші баладан кейін ол өз ісімен айналысқысы келетінін түсінеді. Ол колледждегі асхананы жалға алуды ойлайды, Шынардың бұл ойын жолдасы да қолдайды.
«Жұмыстың алғашқы күндері есеңгіреп қалдым. Өзім ас дайындадым, өзім тазаладым, өзім кассада тұрдым. Әр сенбі сайын таңғы сағат алтыда екі жасар қызым Аружан мен тоғыз айлық Нұржанды әжесіне қалдырып, жолдасыммен бірге базарға зат сатып алуға баратынбыз. Жұмысқа өте жауапкершілікпен қарадым, өйткені балаларды дұрыс тамақтандыру – өте маңызды», – деп еске алады Шынар.
Кәсіпкерлік саласында Шынар басқа қалаларда өз ісін кеңейтіп, дамыта отырып, үлкен жетістіктерге жетті. Қазіргі уақытта 200-ден астам адам жұмыс істейтін компания Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы ұйымдарға қызмет көрсетеді. Ш. Болсамбекова – әлеуметтік жауапты кәсіпкер, сондықтан қайырымдылықпен айналысады, сондай-ақ ол 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарды өз ЖШС-не жұмысқа орналастырады.
«Жұбайымның қолдауы мен ортақ идеяларымыздың, ойларымыздың арқасында біз бұл жобаны жүзеге асыра бастадық. Алдымен колледждерде тамақтандыратын шағын ұйымнан бастадық, содан кейін бәрі өсіп, жыл сайын өз объектімізді көбейттік. Біз бәрін қалай дұрыс құру керектігін ойластырдық. Қызметкерлерді қадағалап, олардың жұмысын дұрыс жолға қойып, сонымен қатар, өзіңе де, балаларың мен отбасыңа да уақыт тауып, көңіл бөлу маңызды», - деп есептейді Шынар.
Компаниямен бірге Шынардың отбасы да өсті. Қазір ол бес баланың үлгілі анасы, сонымен қатар үлкен қызы Аружан Хафиз бастаған жобалардың продюсері және редакторы. Шынар Болсамбекованың қолдауы мен идеясының арқасында 2017 жылы YouTube арнасында «Аружан Хафизбен бетпе-бет» интернет-жобасы жарыққа шықты, онда оның тоғыз жасар қызы тележүргізуші ретінде танымал қазақстандық әртістермен, медиа-қызметкерлермен, спортшылармен, ғалымдармен сұхбаттасты. Бағдарлама танымалдыққа ие болғандықтан, 2018 жылы продюсер-анасы мен медиа-жобаның авторын «Балалар Евровидениесіне» шақыртады, онда журналист Аружан Қазақстан жобасының алғашқы амбассадоры ретінде өнер көрсетті. Аружан екі жыл қатарынан балалар Евровидениесінің елшісі болды. 2018 жылы ол Данэля Төлешевамен, ал 2019 жылы Ержан Максиммен бірге барды. Ол «offLine демалыс» отбасылық фильмінің екінші бөлімінде ойнады.
Сонымен қатар, Шынарды математика және жаратылыстану пәндері бойынша қалалық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері – тоғыз жасар ұлы Нұржан, жас дипломат Расул (5 жас), қызы Хадия (3 жас) және Ляйсан (4 ай) өз жетістіктерімен қуантады.
«Балалар – менің өмірімнің мәні! Мен олардың көңілін қалдырғым келмейді, сол себепті бәрін дұрыс жасауға күш саламын. Балалар біздің істегенімізді қайталайды, сондықтан әрбір әрекетіміздің дұрыс болуы маңызды», - дейді Шынар.
