Дәл бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Днепродзержинск қаласына жасаған ресми сапарына тура – 25 жыл толып отыр.
Өткен күнге шегініс жасар болсақ, 1994 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Украинаға ресми сапары барысында Днепродзержинск қаласындағы өзі оқыған кәсіби-техникалық училищесіне ат басын бұрды. Сол сапардағы суреттер мен естеліктер Тұңғыш Президент кітапханасындағы Елбасының жеке мұрағатында сақталған.

Сонау 1960-шы жылдары Қазақстанның болашағын ешкімнен кем қылмаймын деген патриоттық сезіммен Днепродзержинскіге оқуға келген Нұрсұлтан Назарбаевтың асыл қасиеттерін бағалаған украиндықтар келешекте халқының панасы боларына шек келтірмеген.

«Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітапта Президентіміздің Днепродзержинскідегі курстасы, Теміртаудағы әріптесі Сатыбалды Ибрагимов Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге болған студенттік шақтағы естеліктерімен бөліседі:
«Біздерді болат қорытатын пеш дайын болмаған соң, сол жердегі қара жұмысқа салды. Қай жаққа жіберсе сол жақта істедік. 1960 жылы шілде айында домна пеші іске қосылды. Нұрсұлтан мен Қабидолла кенші боп жұмыс істеді. Украинадағы училищеде бір бөлмеде 18-20 бала жататынбыз. Қазақта «Болар бала он бесінде бас болар», - деген ғой. Ол кәсіби-техникалық училищеде оқып жүргенде-ақ ол ерекше көзге түсті. Сөзге шешен. Спортшы. Өнерпаз. Жұмысқа кіріссе, жартылай тастап кетпей толық бітіретін. Ертеңге қалдырмай аяғына дейін жеткізетін. Пәтуалы адам болды. Қай уақытқа уәде берді, сол уақытта істейтін».

Нұрсұлтан Назарбаев үшін білім нәрімен сусындап, өзі түлеп ұшқан оқу білім ордасының алар орны ерекше. Елбасы оқытқан ұстаздарына «Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Украина — мен үшін алғашқы махаббат», - деген жүрек жарды сөздерін арнаған.

Украиналық теледидар және радио тілшілеріне сұхбат беру сәті.

1994 жылғы сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы Днепродзержинскіде оқыған жылдары жүрегінен ерекше орын алған курстастары мен мұғалімдерін көруге тырысты. Олардың арасында жалпы металлургия пәнінің мұғалімі Нина Быковская мен күрестен жаттықтырушысы Лев Ежевский де бар еді. Президент оларды құшақтап, Қазақстанға қонақ болып келуге шақырды.
Осыдан елу жылдай бұрынғы ұмытылмас күндерді Елбасының кәсіби-техникалық училищедегі ұстазы, жалпы металлургия пәнінен сабақ берген Нина Филипповна Быковская былай еске алады:
– Шынында да Нұрсұлтан аса зерек, өз құрдастарынан көш ілгері, ерекше жігіт болатын. Ол орысша жақсы сөйлейтін. Қатарларының арасында көшбасшылық қасиеті бірден байқалып тұратын. Осыдан болар, ол бірден оқу тобында староста етіп сайланды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Менің алпыс жылдық ұстаздық тәжірибемде талай жас алдымнан өтті. Бірақ, Нұрсұлтандай қабілетті жігітті кездестірмеппін. Ол оқыған училищесіне үш рет келді. «Президентпін» деп шіренбей, баяғы оқушы кезіндегідей бәрімізбен жайдары әңгімелесті. Осындай талантты адамды оқытқаныма, білгенімді үйреткеніме мақтанамын.
2005 жылғы қарашада Нұрсұлтан Назарбаев тағы да Украинаға Днепродзержинск Жоғары кәсіптік училищесінің 80 жылдық мерейтойына қатысу үшін арнайы келді.