2016 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына шетел журналистері келді.

«Астана ЭКСПО - 2017» көрмесінде ақпараттық сүйемелдеу жұмысын жүргізетін шетелдік жетекші БАҚ өкілдеріне Қазақстанға баспасөз-туры ұйымдастырылған болатын. Аталған баспасөз-туры аясында шетелдік тілшілерге Астана қаласының бірқатар мемлекеттік органдары, ұйымдары, мәдениет орталықтары, театрлар, мұражайлар мен елорданың көрікті жерлеріне экскурсия жасалды.
АҚШ, Испания, Италия, Малайзия елдерінен келген тілшілер Елбасы кітапханасының экспозициялық-көрме және кітапхана залдарын аралап көрді. Шетел меймандары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаяны, қызметі мен Елбасының көреген саясаты мен жаһандық идеяларын баяндайтын тарихи-саяси құжаттар, фотосуреттер және Қазақстанның қалыптасу тарихымен тереңірек танысты.

Елбасы кітапханасына келген шетелдік қонақтар арасында «The Emerald Planet TV» телеарнасының басшысы Dr. Hancock Samuel Lee (АҚШ), «EFE» ақпарат агенттігінің журналисі Escarda Piedra Arturo (Испания), «AGI» ақпарат агенттігінің журналисі Giandomenico Serrao (Италия) болды.
Италяндық геосаясат жоғары мектебі және ISAG аралас пәндер институтының өкілі, тәуелсіз журналист Лундини Алексадро:
- Кітапханадан керемет әсер алдым. Бұл нағыз заманауи кітапхана екен. Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Баршаңызды ел тарихындағы айту датамен құттықтаймын. Сондай-ақ, Кітапхананың құрылғанына 2 жыл болады екен. Осы мереймен де құттықтаймын. Кітапхана жастар және қала тұрғындары үшін рухани байлық пен академиялық тұрғыда білім беретін орталық екені сөзсіз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев − жаһандық бастамалар мен тың идеяларды жүзеге асырған ірі тұлға. Сіздердің Мемлекет басшыларыңыз жастармен жиі кездеседі, жастар алдында сөз сөйлейді. Мұның бәрі ел болашағы − жастар үшін өте пайдалы дүниелер деп білемін. Жалпы, бұл Кітапхана адам капиталы мен ел тарихы үшін зор қызмет атқарып келеді. Әсіресе, өскелең ұрпаққа туған ел тарихын жетік оқытып-үйретуге пайдасы зор, − деп атап өтті.

Шетелдік журналистер атынан «The Emerald Planet TV» телеарнасының басшысы Dr. Hancock Samuel Lee (АҚШ) Кітапхананың «Тілек кітабына» естелік-тілегін жазды.