Қазақ халқының зергерлік өнері ұлттың мәдениетімен астасып жатыр. Халқымыздың салт-дәстүрінде, ырым-тиымында, тіпті, әшекей бұйымдарында да үлкен тәрбиелік мән бар. Ұлтымыз ұрпақ тәрбиесіне о бастан ерекше ден қойған. Қыздарына күмістен сырға, шолпы мен шашбау тағып, әшекей бұйымдармен әдемілігін айшықтай түскен. Жалпы нәзік жандар үшін әшекейсіз жүру «төрт құбыласы тең» еместей көрінген. Сондықтан да әшекей бұйымдар ұлттық киімнің ажырамас бөлігі ретінде саналған.
Ғасырлардан ғажайып мұра боп жеткен ұлттық әшекей бұйымдар – Елбасы кітапханасында сақтаулы.
Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Кезінде ақындар жырға қосқан мына күміс шашбау XIX ғасырдан жеткен асыл мұра. Күміс шынжырлардан, жібек баудан жасалып, маржан моншақтармен, сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. Кейде шашбау қара баудан жасалып, шашты ұзын әрі қалың етіп көрсету үшін қолданылған. Шашбаудың әшекей бұйымнан бөлек, өзіндік ерекше мақсаты болған. Үлкендер шашбау сыңғыры арқылы үйге қыз баланың келе жатқанын біліп, жинақтала бастаған. Сондай-ақ шашбаудың дыбысы арқылы қыздың мінез-құлқын да анықтайтын болған. Шашбау нәзік жандардың шашына ғана емес, денсаулығына да пайдалы. Шашбау тағатын қыз-келіншектің бұрымы тарқатылмайды, шашы түспейді, басы ауырмайды, омыртқасы қисаймайды екен.
Күміс пен былғарыдан жасалған бұл әйел белдігі көздің жауын алады. Белдік – киім сыртынан бел бууға арналған былғары, қайыс немесе шүберек. «Қазақтардың бәрі белбеу таққан»,-деген екен қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов. «Күміс белбеу, тақты екен ару қандай, көрген адам есінен жаңылғандай» деген өлең жолдарынан да белдіктің ерекше бұйым екенін аңғаруға болады. Белбеудің бірнеше түрлері болған: «Жауынгерлік белдік», «Кісе белдік», «Күміс белдік», «Кемер белбеу» және тағы басқа.

