Желтоқсанның 20 жұлдызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейіне профессор, медицина ғылымдарының докторы, нейрохирург, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов келді.
«Әлем дәрігері» атағын алған Серік Қуандықұлы Ақшолақов рухани орталықтың тынысымен танысып, еліміздің тарихынан сыр шертетін экспозицияларды өзінің әріптестерімен бірге аралады. Экскурсия аясында меймандар Елбасының балалық және жастық шағы, қызмет хроникасы, саналуан бастамалары мен идеяларынан сыр шертетін мультимедиялық альбомға, интерактивті білім беру кешеніне, 3D голограммаға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, С. Ақшолақов «Қала дамуы» мэппинг-шоуын ерекше бағалап, ыстық ықыласын білдірді. Елорданың әлем картасында белгіленген нүктесінен басталатын шоу кілем бейнесінде суреттеледі. Ұлттық өрнектер мен символдар бір нүктеге тоғысып, сол тұстан Бәйтерек пен қаланың басқа да айтулы нысандары бой көтергенде дәрігерлер ерекше толқыды.
Сондай-ақ, Ақшолақов бастаған топ көрмедегі «Елбасының балалық шағы», «Стратег жолы» және «Данышпан жолы» атты экспозицияларын, электронды кітапхананың «Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері» мобильді қосымшасын зор ынтамен қарап шықты. Қонақтар Елбасының құнды, сирек кездесетін кітап коллекцияларын тамашалай отырып, заманауи тұрғыда көрсететін электрондық ресурстардың мазмұнына таң болды.
«Сұлулығы мен мазмұны келіскен мынандай музейде бұрын-соңды болмағаным анық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егеменді Қазақстанды қалыптастырудағы дара жолына көз жүгіртіп, рухани байып отырмыз. Мүмкіндікті пайдаланып, қазақ жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, елімізге саулық, бақ-береке тілеймін», – деп ниетін білдірді академик Ақшолақов.
Экскурсия соңында Серік Қуандықұлы Елбасы кітапханасына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық идеялары мен бастамаларын жүйелі түрде конференция, көрме, форум, семинар-тренингтер арқылы қазақстандықтарға және шетел қонақтарына жеткізіп жатқаны үшін алғыс білдірді.

