САЯСАТ НҰРБЕКПЕН АШЫҚ СҰХБАТ, ЖАҢА БІЛІМ МЕН МҮДДЕЛЕСТЕР

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Қарағанды және Орал студенттерінің басын қосқан екі күндік «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өз мәресіне жетті. Елбасы кітапханасының дайындаған жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған. Оқыту бағдарламасын тәмамдаған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 48 студенті мен 2 оқытушы сертификаттар иеленді.

Семинар-тренингтің қатысушылары «Мәңгілік ел жолында: тарих сабақтары», «Саяси өлшім: тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік», «Экономикалық шама: индустрияландыру және жалпы еңбек қоғамы», «Идеологиялық өлшім: жалпыұлттық бірлік, тарихи ортақтастық, жоғары руханият» тақырыптары бойынша дәрістер тыңдап, тренингтер мен практикалық интерактивті сабақтарға қатысты.

Дәстүр бойынша жастарға Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бойынша экскурсиялар жүргізілді. Екінші күні студенттер «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры, саясаткер, заңгер, геосаясат және халықаралық қауіпсіздік мамандығының магистрі Саясат Нұрбекпен кездесті. Еңбек жолын 15 жасында бастаған сыйлы қонақ АҚШ пен Италия жоғарғы оқу орнындарында білім алған. Ол өзінің өмірлік тәжірибесі мен көптілділікке деген қарым-қатынасымен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына ашық жауап берді. «Табыстың сыры неде?» деген сұраққа ол: «Табыстың ешқандай сыры жоқ. Төле би атаған қыңырлық, еріншектік, ұйқы секілді үш дүниеден алыс болу керек. Бастысы – әрдайым сабырлық танытып, сәтсіздіктерге қатысты кінәні айналадан іздеуші болмаңдар. Адам өз өміріне өзі жауапты болуы тиіс. Өмір әрқайсымызға көптеген мүмкіндіктерді сыйлайды. Оларды ақылмен пайдаланған жөн», - деп жауап берді. Сондай-ақ спикер кәсіби дағдыларға қатысты ойын білдірді: «Болашақ бүгіннен басталып жатыр, үдерістердің автоматтандырылуы еңбек нарығын өзгертпек. Енді жасанды сана мен машиналарға жат креативтілік пен қалыптан тыс ойлау қасиеттері негізгі құндылықтарға айналады», - деді ол.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов қатысушылармен қауышу қуанышымен бөлісіп, жастарға сертификаттар мен естелік сыйлықтарды тарту етті.

– Елбасы кітапханасының жас қонақтары екі күндік семинар-тренинг аясында ғалымдардың көмегімен мәнді дәрістер мен практикалық сабақтардан керекті білімді алды. Қатысушылардың бірі байқағандай, сіздерді құшағын жая қарсы алған ғимараттың атмосферасы өзгеше. Мұнда маңызды құжаттар, тың кітаптар мен жәдігерлер сақтаулы. Кітапханада ғылыми зерттеулер, талдау жұмыстары, жастар мен педагогтарды, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту жұмыстары ұдайы жүріп отырады. Елордаға әлем назарын аудартқан ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында Кітапхана әлемнің түкпір-түкпірінен 70 мың келушіні қарсы алды, - деді ол. Мақсатқа ұмтылуда сәттілік тілеген Әмірхан Мұратбекұлының сенім сөздері жастарды жаңа жетістіктерге қанаттандырды.

– Біз семинар-тренингтің атауымен байланысты «Мәңгілік ел» ұғымын тереңінен зерделедік. Дәріс оқыған Елбасы кітапханасының қызметкерлері ұғымның шығу тарихын жастарға жеткізіп қана қоймай, олардың көзқарастарын, пікірлерін білуге тырысты. Соның арқасында ойды еркін жеткізуді әдеттеніп, топта жұмыс істеуді үйрендік. Әр жастың жеке өмірі мен елдің жарқын келешегі үшін маңызды көшбасшылық қасиеттерді ашу мен дамытуға ықпалын тигізген Елбасы кітапханасына алғысымыз шексіз, - деді Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Динара Исина.

– Ең алдымен елордамызда өтіп жатқан семинарға қатысу мүмкіндігін берген ұйымдастырушылар мен мұғалімдерге алғысымды айтсам деймін. Елбасы кітапханасы төрінде өтетін семинар-тренинг қатысушыларының қатарына кіргенімді мақтан тұтамын. Осы уақыт бойы біз түрлі үлгіде ақпарат алдық, дәрістер мен тренингтерге қатысып, мазмұнды музейлермен таныстық. Қызықты, танымды ақпарат түсінікті тілде жеткілді. Елбасымыздың өмірбаянымен толықтай таныса алдық. Екі күннің ішінде ой-өрісіміз кеңейді десек артық айтпаймыз. Облыстық, республикалық деңгейдегі студенттер дебаттарына қатысатындығымнан, Елбасы кітапханасында алған білімімнің пікірсайыстарда ғана емес, келешек қызмет орнымда пайдаға асатынына сенімдімін, - деді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Алина Мәмедова.

Елбасы кітапханасы «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің жаңа қатысушылары мен Кітапхана қонақтарын күтеді.