САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕН КЕЛГЕН МЕЙМАНДАР ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Үстіміздегі жылдың 13 қазанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына Санкт-Петербург қаласынан Астанаға семинарға келген Білім комитеті және қосымша білім беру мекемесі басшыларының делегациясы ат басын бұрды.

Ресейдің мәдени астанасынан келген меймандарды Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қарсы алды. Меймандарды Елбасы кітапханасының экспозициясымен таныстыру үшін экскурсия жүргізілді.

Экскурсия барысында меймандар Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев марапатталған түрлі жылдардағы шетелдік мемлекеттердің жоғары наградаларына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, «Президент және Астана» көрмесіне қойылған Астана құрылысы бас жоспарының макетіне қызығушылық танытты. Ресейлік делегация мүшелері «Дала әуені» сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Жұбаниязовтар отбасы туындыларының көрмесіне тәнті болды.

Біз меймандардан жүргізілген экскурсияның әсерімен бөлісуді өтіндік.

Елена Спасская, Санкт-Петербург қаласының Білім комитеті тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің бастығы:

– Барлығымыз да Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Бүгінгі көрген-түйгенімізді, экскурсиядан алған мол әсерімізді өзімізбен бірге алып кетеміз. Біз ғажайып орталық туралы көп естіген едік. Дәл бүгін осы ғимаратпен танысқанымызға өте қуаныштымыз. Назарбаев орталығы бізді рухтандырғаны рас. Мұның бәрі сәулет өнерінің, дұрыс саяси бағыттың жоғары жетістіктері және де осындай таңғажайып елдің басшысының шешімі деп ойлаймын.

Александр Михайлов, Санкт-Петербург қаласындағы «Красногвардеец» балалар және жасөспірімдер орталығының директоры:

– Теңдессіз таң қаларлық ғимарат. Оның мазмұны, жәдігерлері жаныңды баурап алады. Қазақ халқының өз Президентіне деген шынайы сезімі мен адалдығы көңіл сүйсіндіреді. Мұны әрбір жәдігерді таныстырғаннан сезуге болады. Бұл орталықтың қазақ елінің жастарын тәрбиелеуде маңызы зор деп санаймын.

Қоштасарда ресейлік делегация мүшелеріне естелік сыйлықтар тарту етілді.