«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКОВ

24 наурызда белгілі сәулетші, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторы – Жандарбек Мәлібеков 76 жасқа толады.

Ол 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Екпінді ауылында теміржолшы отбасында дүниеге келген. Жандарбек төрт жасында анасынан айырылған.

Ж. Мәлібеков Ташкент политехникалық институты сәулет факультетінің үшінші курсында оқып жүргенде Өзбекстанда І орынды және Кубада өткен «Алтын тапқан» қала құрылысының тұжырымдамасы халықаралық байқауында І орынды иеленеді. Төртінші курстан бастап, қырық жыл бойы «Өзбекстанның мемлекеттік құрылысында» қатардағы қызметкерден жобаның бас сәулетшісі, Өзбекстанның өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.

Оның жобасы бойынша жүзден аса нысандар – тұрғын үй кешендері, жатақханалар, сауда орталықтары, аэровокзалдар салынды. Республика бойынша оның жетекшілігімен дайындалған Қоқанд, Ферғана, Самарқанд, Нөкіс, Ангрена қалаларының құрылыс тұжырымдамалары тұрақты бірінші орынды иеленді. Ерен еңбегі үшін Ж. Мәлібеков «Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағын алды.

1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін дайындауға жұмыс тобы құрылғандығы және елтаңба, ту, әнұран жобаларына байқау жарияланғаны туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Осы байқауға көптеген талантты ақындар, сазгерлер, суретшілер мен сәулетшілер қатысты, олардың қатарында Ж. Мәлібеков те болды. 1992 жылғы сәуір айының соңында ол өз жобасын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне тапсырады. Байқауға түскен 293 елтаңба нұсқаларынан Ж. Мәлібековтің жобасы жеңіп шықты.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Мәлібеков қазіргі уақытта Этносәулет институтының директоры қызметін атқаруда.

Қазақстанда 15-тен астам ірі нысандарды жобалады, Нейрохирургия институтының техника-экономикалық негіздемесін жасауға, «Нұр Астана» мешітінің эскиздік жобасын қалыптастыруға, Опера және балет театрының жобалау байқауына қатысты, ЭКСПО-2017 байқауына өзінің нұсқасын ұсынды, тек қазақ пен өзбек халқына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне қасиетті, атақты Төле би мазарының сызбасын дайындады.