Қазақтың сыршыл ақыны, жалынды жазушысы, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген.
Үйінің тұңғышы болған Сәкен ауыл молдасы Бармұхамедтен 3 жыл оқып, араб тілін үйреніп, хат таныған. 1905 жылы Нілдідегі орыс-қазақ мектебінде білім алады. 1908-1913 жылдары Ақмоланың бастауыш приход мектебіне ауысып, үш класты қалалық училищенің бірінші бөлімін аяқтайды. Оқып жүріп, орыс тілі мен әдебиетін терең меңгеріп, осы жердегі әнші-күйшілермен қоян-қолтық араласа бастайды. 1913-1916 жылдар арасында Сәкен Сейфуллин Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Мұнда ол студенттердің «Бірлік» атты ұйымының жұмысына белсене қатысады. Бастапқыда ағартушылық бағыт ұстаған бұл ұйым бірінші империалистік соғыс пен революциялық күрестің өрлеу дәуірінде саяси мәселелерге де араласып, өз көзқарастарын айқындайды. Осы жылдары ол әдебиетке бет бұрады. 1914 жылы Қазан қаласында ақынның «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді.
Сәкен Сейфуллин 1916 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ береді. Одан кейін Ақмола қаласында «Жас қазақ» ұйымын ашып, «Тіршілік» газетін шығарады. 1917 жылы желтоқсан айында Ақмола Совдеп құрылып, Сәкен президиумның мүшесі атанып, уездік ағарту комиссары болып тағайындалады. 1918 жылы болған көтерілісте Ақмола уезі құлап, Сәкен жаулардың қолына түседі. Осылайша «қоғам мен мемлекет қауіпісіздігіне қатерлі адам» атанып, Қызылжар абақтысына қамалады. Сол жылдың сәуір айында ауыр азап шеккен ақын түрмеден қашып шығады.
1920 жылы 7 мамырда азат етілген Ақмолаға қайта оралып, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі және Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. 1920 жылғы 4 қазанда Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің I Құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Орталық Атқару Комитетінің, президиум мүшесі болып сайланады. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі – «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, республика халық ағарту комиссарының орынбасары болды. Ал 1922 жылдың желтоқсанында Қазақ АКССР ІІІ съезінде республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланады (Қазақстанның үкімет төрағасы).
Әр жылдары жоғары лауазымдарды атқарған Сәкен Сейфуллин шығармашылығын да шыңдап отырды. Өлеңдер жинағы мен шығармаларының ішінде ең танымалдары: «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында», «Көкшетау», «Батырлар», «Қазақ әдебиеті», «Социалистан» кітаптары, «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмалары, «Бақыт жолына» «Қызыл сұнқарлар» пьесалары, «Тар жол тайғақ кешу» романы, «Айша», «Жер қазғандар», «Жемістер» повесті, «Қазақтың ескі әдебиеті нұсқалары» мақаласы және басқалары. Сәкен Сейфуллин көркем әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған алғашқы жазушы. Сейфуллин шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Сәкеннің жанын ұғып, жағдайын жасаған жарының есімі – Гүлбаһрам. Екеуі Лаура, Аян атты қыз бен ұл сүйді. Алайда көз қуаныштары болған балаларының қызығын көре алмады.
Дауылпаз ақын, көрнекті жазушы Сәкен Сейфуллин 1937 жылы «халық жауы» атанып тұтқындалып, 1938 жылғы 25 сәуір күні, 16-40 сағатта Алматы түрмесінде атылады. «Халық жауы» ауыр жаласы Сәкен Сейфуллиннің әкесі мен бауырына да тағылып, олар 1937 жылы тұтқындалып, атылады.
Қазақтың көрнекі қайраткері 1957 жылғы 21 наурызда КСРО Жоғарғы соттың әскери сот алқасының шешімімен ақталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында С. Сейфуллиннің кітаптары мен ақын туралы толғанған қазақ жазушыларының зерттеулері бар.
Сәкеннің інісі Мәжиттің қызы, С.Сейфуллиннің үйінде тәрбиеленген Рымжан Сейфуллина мен оның жұбайы Қ.Құсайынов құрастырған «Тұғыры биік тұлға: С. Сейфуллин туралы зерттеулер, естеліктер, мақалалар» атты еңбекте сыршыл ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ әдебиетінің негізін салушы, жазықсыз жаламан тоталитарлық жүйенің құрбаны болған – Сәкен Сейфуллин туралы заманымыздың белгілі әдебиетшілері мен тарихшыларының, қоғам қайраткерлерінің естеліктері мен мақалалары жинақталған.
Д. Ж. Омарбекова құрастырған «Сахара сұнқары: мемлекет және қоғам қайраткері, жаңа заманғы қазақ әдебиетінің көшбасшысы Сәкен Сейфуллинге арналады» еңбегі оқырман қауым үшін таптырмас қазына. Бұл еңбекте С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайында мәліметтермен қатар, оның таңдамалы мақалалары, ол туралы естеліктер мен зерттеулер қамтылған.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тарту еткен танымал филолог, филология ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың лауреаты Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен сүйген сұлулар» кітабында С.Сейфуллиннің серілік хикаялары, көңіл сырлары және пенделік жай-күйлері шертіледі. Автордың қолтаңбасы мен жылы лебізі жазылған кітапта бүгінгі жастар ғибрат аларлық түйін-толғаулар топтастырылған.
Т. Кәкішевтің «Мағжан мен Сәкен: ғылыми эссе» туындысы да Елбасы кітапханасының коллекциясында сақтаулы. Бұл – қазақ әдебиетінің классиктерінің өмірі мен шығармаларына тарихи деректер келтіріп, архив мәліметтеріне сүйене жазылған ғылыми шығарма.
Жоғарыда көрсетілген С.Сейфуллин туралы туындылар Елбасы кітапханасының жалпы оқырмандарына қол жетімді.



