«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. СӘБИТ МҰҚАНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

Биыл жазушы Сәбит Мұқанұлының туғанына 120 жыл толып отыр. Сәуір айының 26 жұлдызында дүниеге келген әдебиет майталманын Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында ерекше еске алып отырмыз.

Кеңес халқының фашисттік Германияны ойсырата жеңуіне әсер еткен бірегей факторлардың бірі – сол заманның мықты насихаты еді. Талай талантты ақын-жазушыларымыз ерен еңбек етіп, соғыс жылдарында басқыншыларды әшкерелейтін өлең, очерк, әңгіме көптеп жазды. Осы тұста Сәбит Мұқанұлы майдан мен тылдағы халқымыздың ерлігі мен қаһармандығын паш еткен зиялылардың бірі екені сөзсіз. Тарихи оқиғалар тұсында ақын азаматтық, саяси лириканы өткірлей түсіп, соғыс тақырыбына, кейін бейбіт еңбек, тың тақырыптарына арнап «Мен де аттандым майданға», «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз Қызыл Армия», «Фашизмнің ажалы», «Гвардеец бауырларға», «Ленин қаласында», «Берлин алынды» сияқты жоғары патриоттық сезімдерге толы өлеңдер жазған.

Өмір тауқыметін қазақ әдебиетінің классигі ерте тартқан. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасыда дүниеге келген бала Сәбит жеті жасқа толғанда әкесінен, сегізге аяқ басқанда анасынан айырылған. Жастайынан жетім қалған ол еңбекке ерте араласып, он жасынан бастап байлардың есігінде жүріп күн кешеді. Малын бағып, отыны мен суын тасыған Сәбит жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждықтан оқи да алмайды. Білімге деген құштарлығы еш басылмаған соң ол өз бетінше оқу-білімге ұмтылып, ауыл молдасынан хат таниды. 14-15 жасында ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренеді. Өлең шығаруға талаптанып, ел аузына ілігіп, ауыл ішінде өлеңші бала атанады. Абай Құнанбайұлының 1909 жылы басылған өлеңдер жинағымен танысып, Абайдай ақын болуды армандайды. Абайдың поэзиясы Сәбит Мұқанұлының ақындық өнеріне зор қозғау салады.

Сексен мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер және тағы басқа кітаптар жазып қалдырған жазушының алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан бастап жариялана бастаған.

1918-1919 жылдары кәмелет жасқа толған Сәбит Омбыдағы оқытушылар курсында білім алады. Оқып жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етіп, оның педагогика тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсіріп жүреді. Дәл осы кезде Сәбит шығарған алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып‚ өнерін шыңдай түседі. Оқуын тәмамдағаннан кейін Сәбит Мұқанұлы біраз уақыт мұғалім болып қызмет етеді. 1920 жылдың жазында Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып‚ күзге дейін сонда оқуын жалғастырады. Көп ұзамай ол 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын «Совет өкіметі һәм қазақ әйелі» атты тұңғыш кітапшасын шығарады.

Жиырма жасынан поэма жаза бастаған Сәбит Мұқанұлы ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған «Сұлушаш» дастанын (1928), қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналатын «Адасқандар» романын (1931), тағы басқа туындыларын жарыққа шығарады. Кейін ол «Адасқандар» романына едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы еңбекті «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басып шығарады.

Бастапқыда «Жұмбақ жалау», кейіннен «Ботагөз» аталған романында Сәбит Мұқанұлы ел тарихындағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. Еліміздің жетекші телеарналар тілшілеріне берген сұхбаттарының бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш романды жас күнінде қызығып оқығанын айтқан болатын: «Бала кезімізде ауыл мектебінде кітап аз болатын. Ол кезде компьютер, интернет деген жоқ, ермегіміз тек кітап еді. Сол кезде Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін» құмарлана оқитынбыз».

Роман сюжетіне Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар арқау болды. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры. «Ботагөз» романы – қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. «Ботагөз» романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілді.

Сәбит Мұқанұлы қоғамдық салалардың бәрінде өнімді еңбек етті. 1926 жылы республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып қызмет етсе, 1928 жылы Петропавл қаласының «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары негізінде «Жарыс» альманахын шығарды. 1932-1935 жылдары республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан жазушылар одағын басқарады. 1937-1941 жылдары Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ береді. 1943-1951 жылдары Қазақстан жазушылар одағының төрағасы қызметіне екінші рет сайланады. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.

«Менің мектептерім» романы, «Балуан Шолақ» повесі, «Сырдария» романы сияқты жазушының әдеби мұрасы – көп жанрлы әрі мол көлемді. Ал олардың идеялық-эстетикалық мәні жоғары әрі құнды. Мәселен, ХІХ ғасырдың ойшыл ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеген ол Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты құнды деректерді жинаған. Олардың негізінде жазушы өмірінің соңғы жылдарында«Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. 4 том ретінде жоспарлаған бұл романды ол аяқтап үлгере алмады.

Алайда «Шоқан Уәлиханов» пьесасын жазып үлгерген ол драматургия саласына да үлес қосқан. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары - көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар.  Сын, әдебиеттану саласына да жазушы көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағидалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, фольклор және көне жазба мұраларын жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты. XVIII-XIX және XX ғасырлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармалары туралы зерттеу еңбектерін жазды. Оның «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған еңбек болды. Еңбекте Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентайұлы, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы, тағы басқа ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974, «Қазақ қауымы» (1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы, тағы басқа туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды. Ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі, өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің қадамдарына қолдау көрсетіп, қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. Есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталатын жазушының шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.

«Сұлушаш», «Мөлдір махаббат», «Адасқандар» сияқты жазушының қаламынан тамған көптеген романдарды Елбасы кітапханасының қорынан табуға болады. Этнографиялық ізденістері қатарында «Қазақ халқының қоныстануы және ру-тайпалық құрамы (ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы)» ғылыми еңбегі мен қазақ халқының қоғамдық өмірі,  материалдық мәдениеті мен жан азығы, өнері мен жазба әдебиеті, шежіресі мен тарихынан сыр шертетін «Халық мұрасы», «Қазақ қауымы» сынды тарихтық-этнографиялық шолулары бар.

Ол кісінің өмірі мен еңбек жолын баяндайтын қорымыздың кітап қатарына келесідей басылымдар кіреді: «Кәдімгі Сәбит Мұқанов: Естеліктер кітабы» (С.Шаймерденов, Қ.Ергөбеков, 1984), «Ағалардың алақаны: Сәбит Мұқанов. Повестер, әңгімелер, эсселер» (С.Шаймерденов, 1987), «Сағынышым - Сәбитім: Естелік» (М.Мұқанова, 2000), «Сәбит аға» (К.Салықов, 2000), «Сын народа: Этюды из жизни Сабита Муканова» (М.Муканов, 2000), «Сабит Муканов (1900-1973): Очерк о жизни и творчестве (Н.Джуанышбеков, 2006), «Жаны жайсан жаксылар: Сәбит Мұқанов. Естеліктер, сапарлар, ой-толғамдар» (А.Жақсыбаев, 2006), «Өмiр тағылымдары: Естеліктер. Сәбит Мұқанов» (С.Қирабаев, 2006), «Қазақ әдебиеті. Сәбит Мұқанов» (Т.Садықов, С.Мақпырұлы, 2007), «Сәбит Мұқанов: Әдеби-ғылыми ғұмырнама» (К. Ахмет, Т.Кәкішұлы, 2009), «Сәбит Мұқанов - ғұлама ғалым» (К.Ахмет, 2010) «Классикалық зерттеулер. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Сәбит Мұқанов» (Л.Әуезова, К.Сыздықов, 2012).