1921 жылы 19 ақпанда Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылында көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері Салық Зиманұлы дүниеге келген.

1939 жылы Форт-Шевченкода (Маңғыстау облысындағы портты қала) Киров атындағы мектепте мұғалім болып қызмет еткен. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Артиллерия полкын басқарып, гвардия майоры, дивизия командирінің орынбасары, подполковник дәрежесін иеленген. І және ІІ – дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Отан» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін» (1944), «Берлинді алғаны үшін» (1945) медальдарімен марапатталған.
1946-1948 жылдар аралығында Атырау облыстық прокуратурасының тергеу бөлімінде тағылымдамашы, бөлім прокуроры, бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, Қазақстан Республикасы прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі қызметтерін атқарған. 1948 жылы Заң институтын бітірген. 1948-1952 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі болып қызмет етеді.
1950 жылы кандидаттық жұмысын, 1961 жылы – докторлық диссертациясын Мәскеуде ойдағыдай қорғап шығады. Осы тұста Салық Зиманұлының докторлық диссертация қорғаған қазақтың алғашқы заңгер ғалымы болғанын атап өткен жөн.
Ол 1952-1956 жылдары Алматы заң институтының директоры, 1957-1969 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясын Философия және құқық институтының директоры қызметтерін атқарған.
Салық Зиманұлы барлық ғұмырын Қазақстан ғылымының өркендеуіне арнап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, оларға көмек қолын созуға, бай тәжірибесімен бөлісуге тырысты. Қазақ тілінде диссертация қоғаған заңгер-тарихшыларды дайындауға белсенді атсалысып, қазақстандық заң мектебінің тарихшылары мен теорияшыларын қалыптастыруға күш салды. Жүрек жылуын сыйлаған асқар таудай биік тұлға білімі мен дарының ықпалымен 1990-1995 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы, сондай-ақ ХII және ХIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде Салық Зиманұлы еліміз егемендік алған тұста мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға бағытталған заңнамалық реформалардың бастауында тұрды.
Білікті маман ретінде 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы, азаматтық туралы заңдар және өзге де мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің бастауы болған актілердің қабылдануына табанды күш-жігерін жұмсады. Ол егемендік, тәуелсіздік жолындағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.
С.Зиманұлы заң ғылымдары бойынша доктор, кандидат ғылыми дәрежелерін беру жөніндегі ҚР ҰҒА жанындағы диссертациялық кеңестің төрағасы (1960-1990) болған. ҚР Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің (1992), ҚР Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің (1993) мүшесі, ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының мүшесі мен комитетінің төрағасы (1990-1995), ҚР ҒА Мемлекет және құқық институтының құрметті директоры (1996-2003) болған.
Көп жерде дәріс, баяндама оқыған айтулы академиктің ғылыми, шығармашылық жетістіктері алыс-жақын шет елдерде де белгілі. Өмірінің соңғы жылдарында ол ғылыми, қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ақсақалдар кеңесінің мүшесі, сыйлы профессоры болды.
Салық Зиманұлы 500-ден астам ғылыми еңбек пен 20-дан астам монография авторы. Олардың қатарында «История государства и права Советского Казахстана» атты үш томдық (1960), «Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века» (1981), «Ресей және Бөкей хандығы» (1982) кітаптары бар. «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары», «Қазақтың ата заңдары» он томдығы – автордың іргелі еңбектерінің бірі.
Оқырмандар Елбасы кітапханасының сөрелерінен Салық Зиманұлымен байланысты келесідей басылымдарды таба алады:
- Зиманов С.З.Общественный строй казахов первой половины XIX века и Букеевское ханство / Алматы: 2009;
- С.З. Зиманов Қазақтың ата заңдары = Древний мир права казахов. Он томдық. Құжаттар, деректер және зерттеулер = Материалы, документы и исследования / Алматы: Жеті жарғы, 2004-2009;
- Гражданин и выдающийся ученый, академик Зиманов Салык Зиманович: Юбилейный сборник / Под ред.: К.А. Сагадиев, М.А. Кул-Мухаммед. Алматы: Атамұра, 2001;
- Зиманов С. Казахский суд биев – общекультурологическая ценность/ Алматы: Арыс баспасы, 2009;
- Салық Зиманов: Өнегелі өмір. 1 шығ. / Ред. басқ. Ғ.М. Мұтанов, Қазақ ұлттық университеті /Алматы: Қазақ университеті, 2011;
- Зиманов С.З / Парламент Республики Казахстан в трудные годы провозглашения независимости. Алматы : Алаш, 2011
- Зиманов С., М.Сералина Общественно-политические воззрения Ч.Валиханова, / Алматы: Арыс, 2009;
- Зиманов С. Политический строй Казахстана первой половины ХІХ века и Букеевское ханство / Алматы: Арыс, 2009;
- Зиманов С. Проблемы государственно-правовой науки и юридическое высшее образование в Казахстане / Алматы: Арыс, 2009;
- Аттила: ғылыми зерттеу / Өтенияз С.; ред. С. Зиманов, Б.Е. Көмеков// Басылымда ертедегі хундар, адам тарихындағы хун өнерінің орны жайлы айтылады.