Осыдан 95 жыл бұрын, 1925 жылы 1 сәуірде белгілі қазақ композиторы және дирижері, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев дүниеге келді. Н.Тілендиев түрлі жанрдағы 500 музыкалық туындының авторы: әндер, күйлер, романстар, увертюралар, поэмалар, кантаталар, опера, балет т.б.
Ол қазіргі Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында туып өскен. Әкесі домбырада жақсы ойнаған, қазақтың халық әндерін жетік білетін. Анасы Салиха да музыканы сүйді, ән салып, тіпті домбырада ойнайтын. Домбыра тартуды жеткіншектің балалық шағынан үйренгені таң қаларлық жайт емес. Көп ұзамай ата-анасы ұлдарына пианино аспабын сыйға тартты, ал анасы болса, баласын ноталық сауаттылыққа баулыды. Бұл Нұрғиса үшін тағдыркесті шешім еді.
1933 жылы жас бала Ахмет Жұбановпен кездесті. Бірде ол Нұрғисаның үйінің маңынан өтіп бара жатып күмбірлеген домбыра үнін құлағы шалады. Жұбановқа бұл аспапты кімнің соншалықты шебер меңгергені қызық болды. Алты жасар баланы көрген Жұбанов анасынан баланың тағы бір рет көзінше күй ойнап беруін өтінеді. Ахмет Қуанұлы жеткіншектің күй тартқанын ұзақ тыңдап отырып, соңында оған музыка училищесіне міндетті түрде оқуға бару керектігін айтады. Бұл кеңес алты жасар баланың талантын тануға негіз болды. Сол жылы бала Нұрғиса училищеге оқуға түседі.
Ахмет Жұбановпен достық қарым-қатынасын әрі оған деген ризашылығын Нұрғиса Тілендиев өмір бойы сақтады. Ол туралы Нұрғиса Атабайұлы «Жұбанов мені бәріне үйретті: халық я классикалық музыка болсын сүю және түсінуді, шығармашылыққа еңбек етіп, одан рахат табуды, қандай болса да өмірді сүюді үйретті. Мен осындай дәрежеге жеткенім үшін оған қарыздармын», - деген еді. Училищеде Тілендиевтің шеберлігі арта түсті. Он екі жасында ол оркестердің концертмейстрі болды, ал он төртінде Салауаткерейдің оқушысы Науша Бөкейханованың тәжірибесіне сүйеніп, оркестрдің бас дирижеріне көмек көрсетті. Оқуын сәтті әрі табысты аяқтап шыққаны үшін Ахмет Жұбанов шәкіртіне домбыра сыйға тартты.
1943 жылы Н.Тілендиев өз еркімен майданға аттанады. 1943 жылдан 1945 жылдың 9 мамырына дейін Курск шайқасынан Берлин шайқасына дейінгі азапты жолды кешіп өтіп, бірнеше рет жараланды да. Соғыс аяқталғаннан кейін «Ерлігі үшін», «Берлинді басып алғаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан оралған соң Н.Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында халық аспаптары факультетінде білім алды. Оқуын тәмамдаған соң Нұрғиса Мәскеуге консерваторияға оқуға қабылданып, осы білім ордасының есігін ашқан алғашқы қазақ болды. 1952 жылы Мәскеу консерваториясын дирижер мамандығы бойынша аяқтап, қаладағы Үлкен театрда іс-тәжірибеден өтті.
1953-1961 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері болды. Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның «Ортеке» балет-поэмасы (1957), «Достық жолымен» балеті (1958) және «Менің Қазақстаным» кантатасына (1959) тәнті болды. Осы еңбектері үшін ол Еңбек Қызық Ту орденімен және Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды.
1961-1964 жылдары Нұрғиса Атабайұлы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері қызметін атқарды. Сонымен қатар, ол оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін қоса алып жүрді. Бұл оның мансабындағы ең жемісті кезеңдердің бірі еді. Ұйғыр композиторы Құддыс Қужамьяровпен бірлесіп «Алтын таулар» операсын жазды, «Ата толғау» оркестрлық поэмасының, «Халық қуанышы» және «Қайрат» увертюрларының авторы ретінде өнер көрсетті.
Кейіннен Н.Тілендиев Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының директоры болып тағайындалады. Ал 1968-1981 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық редакциясының бас редакторы қызметін атқарды. Ол «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» анимациялық фильміне, «Қауын», «Қызыл киіз үй», «Даладағы қуғын», «Балалық шаққа саяхат», «Көгілдір бағыт», «Ағам менің», «Эй вы, ковбои!», «Алпамыс мектепке барады» сынды кинокартиналарға музыка жазды. «Қыз Жібек» атты танымал фильмге композитор арнайы «Аққу» күйін жазды. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев қазақтың бойтұмар фильміне айналып кеткен «Менің атым – Қожа» картинасында да композитор ретінде бой көрсетті.
Нұрғиса Атабайұлы өз заманының көрнекті ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Оның әндеріне Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Мұзафар Әлімбаев сөз жазды. Тілендиев ақындарды көбіне өз үйінде қабылдаған. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевпен әріптестігі жемісті болды. Үздіксіз жұмыс істеген отыз күн ішінде олар 32 ән жазған, олардың қатарында «Сарыжайлау», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сәлем саған, Жетісу», «Ошақ отың сөнбесін», «Мен сені іздедім» т.б танымал әндері бар.
1981-1998 жылдары Н.Тілендиев өзі құрған «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болды. Бұл оркестр Нұрғиса басқарған өзге оркестрлардан ерекшеленді. Ол этнограф Болат Сарыбаев құрған ансамбль негізінде құрылды. Онда әдеттегі шекті және клавишты аспаптардың орнына ортағасырлық Отырардың музыкалық мәдениетінің ерекше аспаптары қолданылды: сазсырнай, сыбызғы және т.б. Оркестр Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты, Ленин комсомол сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық қордың лауреаты атанды. Нұрғиса Тілендиев бұл оркестрді өмірінің соңына дейін басқарды. Композитор қайтыс болғаннан кейін «Отырар сазы» оркестріне Нұрғис Тілендиевтің есімі берілді.Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1998 жылы 15 қазанда дүниеден өтті. Қайтыс боларынан аз күн бұрын Н.Тілендиев ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолынан «Халық қаһарманы» атағын алып, айрықша белгі «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталды. Бұл оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегіне деген лайықты құрмет болды.
Композитордың құрметіне музыкалық мектептер, мұражайлар мен көшелер аталды, қоладан ескерткіштер бой түзеп, деректі фильмдер түсірілді. Елордадағы бір көшеге де Тілендиевтің есімі берілген. 2014 жылдың мамырында Алматыда 1979 жылдан бері өзі тұрған пәтерде мұражай ашылды.
Елбасы кітапханасының кітап қорында оқырмандар http://presidentlibrary.kz сілтемесіне өтіп, танымал музыканттың шығармашылығына арналған «Нұрғиса Тілендиев. Ғұмырнамалық деректі хикаят» (Шәкерім Жарқын, Тілендікеліні Дариға), «Асылдарым» (Мырзатай Жолдасбеков) т.б цифрландырылған оқулықтармен таныса алады.


