«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ: МҰХТАР МАҒАУИН

Таяуда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Мағауин жаңа жасқа толды. Еліміздің көрнекті тарихшысы әрі жазушысы қаламынан тамған еңбектер құнды әдебиеттер қатарынан саналады. Олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында бар. Бұл туралы Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы Бибігүл Бекенбаева сөз қозғады:

– Тарихқа тереңірек үңілген кез келген қазаққа халқымыздың қайғы-қасіреті еріксіз елестейді. Тәуелсіздік жолында құрбан болған бабаларымыздың ерлігі артынан өшпейтұғын із қалдырғаны сөзсіз. Алайда қазіргі заманның өзінде де ұлт мұрасын қорғап, оны сақтап қалуда күшін аямайтын азаматтар аз емес. Солардың бірі – Мұхтар Мұқанұлы Мағауин. Ол қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасын тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттеген жазушы. Атап айтқанда, «Аласапыран» тарихи дилогиясы ХVI ғасырдағы халық тұрмысын, ұлттық дәстүрлерін, Қазақ хандығының Ресей, Иран, Бұхара, Сібір хандықтарымен өзара қатынастарын, ішкі және сыртқы саяси жағдайларын, түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің тағдырын психологиялық-философиялық тереңдікпен бейнелейді. Ал автордың «Қобыз сарыны» атты монографиясында XV-XVIII ғасыр аралығында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларына жүйелі талдау жасалған. Оқырмандар кітап сөремізден осы және өзге де М. Мағауин туындыларын таба алады, - дейді Бибігүл Халыққызы.

Баспасөз бетінде М.Мағауиннің есімі алғаш рет 1959 жылы көріне бастады. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылып, кейінірек көркем прозаға көбірек ден қойған. Жазушының шығармалары орыс тіліне аударылып, шет тілдерінде басылған. Өзінің «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін ол Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақстанның Халық жазушысы атанып, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығын иеленді.

Елбасы кітапханасында М.Мағауиннің он үш томдық шығармалар жинағы да сақталған. Оларға 1960-2002 жылдар аралығында жарық көрген автордың көркем туындылары топтастырылған. Оқырмандар сондай-ақ, «Көк мұнар», «Шақан Шері», «Сүлеймен патшаның кеніші» секілді романдар мен «Тазының өлімі», «Қыпшақ аруы»,  «Алдаспан: көне қазақ поэзиясының антологиясы», «Көкбалақ және тамыздан соңғы әңгімелер» іспеттес т.б. туындылармен таныса алады.