«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ: МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Ақынның міндеті – суреттеп шығу,баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың

құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде.

Осы заманғы ақын тәжірибеліқұбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып,

дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауы тиіс.

 

М. Мақатаев

 

ХХ ғасырдың 60–70 жылдары қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы қазақ поэзиясындағы жарқын белестердің бірі болды.

Ақын Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында Хан Тәңірі шыңының баурайында дүниеге келген. Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. Ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, қайталанбас шығармашылығы мәңгілікке мұра болып қалды.

Мұқағали өлеңдері 1948 жылдан бастап «Советтік шекара» газетінде жарық көре бастайды. Оқырмандар ақынның жалынды жырларын газет-журналдардан, 1951 жылы шыққан «Жастар жыры» ұжымдық жинақтардан тани бастады. 1962 жылы «Социалистiк Қазақстан» газетінде жарияланған «Аппассионато» поэмасы Мұқағалидың атын әйгілеп, атақты қазақ ақындарының қатарына қосты.

25 жылдық шығармашылығында ақынның қаламынан мыңнан аса туындылар дүниеге келді. «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмір-дастан» (1976), «Өмір-өзен» (1978), «Жырлайды жүрек» (1–2 кітаптар, 1982), «Шолпан» (1984) жыр жинақтары қазақ ұлттық поэзиясының алтын қорына енді. Прозалық туындылары «Қош, махаббат!» (1988) деген атпен жинақ болып шықты.

Ақынның шығармашылық мұрасының ажырамас бөлігі – тамаша аудармалары қазақ әдебиетінде жоғары бағаланды. Мұқаңның У. Уитмен «Шөп жапырақтары», Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімін, Шекспирдің «Сонеттері» және орыс ақындары А. Пушкин, Н. Некрасов, А. Блоктан аударған туындылары классикалық үлгіге жатады. Ана тіліне шеберлікпен аударылған лирикалары төл поэзиямыздың игілігіне айналды.

Танымалдылық ақынға өмірден озғаннан соң ғана келді. Оның туындылары қазақ поэзиясының классикасына айналды. Ырғақты әуенге жазылған сырлы сезім мен нәзіктікке толы шумақтар халық арасында сүйікті әндердің қатарында шырқалуда. Осы жылдары О. Жанайдаров, М. Курганцев, Ю. Александров, Л. Шашкова тәржімалаған ақын өлеңдері орыс тілінде басылып шықты.

Мұқағали поэзиясы – ойшыл поэзия. Ақынның өлеңдерін аударған Жанат Баймұханбетов: «М. Мақатаев поэзиясының қайнар көзі – замана тынысы мен замандастарының аңсар арманы. Ақынның әрбір ой-толғамы оқырманына терең ой салады, автор сөзінің астарына үңіліп, өзімен бірге толғануға үндейді», – деген еді.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 желтоқсандағы № 1856 «Әдебиет, өнер және сурет саласындағы 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы» Қаулысымен Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» өлеңдер жинағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы жаңа белеске көтерілді. Оның туындылары цифрлы форматқа көшірілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Жыр-ғұмыр» жобасы аясында қазақ әдебиетінің жанашырларына қазақ

поэзиясының «алтын қорының» бірегей архив материалдарымен танысуға жақсы мүмкіндік туды. Электрондық кітапта автордың орындауымен өлеңдердің жазбасы, сонымен қатар ақын өмірінен ерекше фотосуреттер жарияланған.

Елбасы кітапханасында Мұқағали поэзиясының әуесқойлары «Жыр кітабы», «Өмір-өзен: Өлеңдер мен дастандар» кітабының сырлы шумақтарымен қауыша алады. Сонымен қатар сөз шеберінің «Таңдамалы шығармалар» және «Бәсіре: өлеңдер, толғаулар, дастандар» шығармалар жинағымен танысуға болады. Ақиық ақынның шығармашылығын зерттеушілерге Елбасы кітапханасы қорынан «Мұқағали Мақатаев. Энциклопедиясы» ұсынылады.