«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

2018 жылдың 28 қаңтарында мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын, публицист, ұлттық жазба тілінің реформаторы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл толды.

1998 жылы А. Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуы салтанатты түрде атап өтілді.

Маңызды мәліметтерді Елбасының Жеке архиві мен Кітапханасы қорынан алуға болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «...Бүгін ерекше күн, біз өз халқының бақытын армандаған ұстазымызды еске алып, құрмет көрсетіп отырмыз. Бәріміз – ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсыновтың шәкірттеріміз. Ол бізді ең бастысы адам болуға, азамат болуға, біртұтас халық болуға үйретті, әлі де үйретіп келеді...», – деді Алматыда өткен А.Байтұрсынұлының 125 жылдығына арналған салтанатты жиынның ашылуында.

Оқырмандар Елбасы кітапханасынан Астана қаласында А.Байтұрсынұлының 125 жылдығына арналып өткізілген «Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материалдарын таба алады.

Шындығында, қазақ ағартушысының өмірі өз отандастарына деген қамқорлық пен халқының мәдениетін өрбіту әрі сақтап қалуға арналды. Ол туған елінің болашағы қазақтың ауызша және жазба әдебиетін дамытуға, елді сауаттандыруға байланысты екенін түсінді.

Ол араб графикасына негізделген қазақ жазба тілінің реформаторы болды. Араб жазуында дауыстылардың белгіленбеуі түркі халықтарына біршама қиындықтар туғызды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы әр сөздің алдыңғы немесе соңғы қатарын белгілейтін скрипка немесе бас кілті түріндегі қосымша дәйекші белгіні қолдануды ұсынды. Қытайда, Ауғанстан мен Иранда тұратын қазақтар әлі күнге дейін осы әліпбиді қолданады.

А. Байтұрсынұлының ерен еңбегі қазақ халқының ауызша және жазба тілі мен сауаттылығын көтеріп, ұлттық мектеп пен қазақ әдебиетінің мықты іргетасын қалады. Мемлекет басшысы 2000 жылдың 15 қыркүйегінде Қостанай қаласындағы ұлттық жазба тілінің реформаторына арналған ескерткіштің ашылуында А. Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп атады.

Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстан тарихына енген көрнекті саясаткер ретінде «Қарқаралы петициясы» – ұлттық зиялы қауымының негізгі идеялары көтерілген бағдарламалық құжаттардың, «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметін құрушылардың бірі болды. Ә. Бөкейханұлы мен М. Дулатұлымен бірге қазақ ұлттық мемлекеттік идеялардың көсемі атанды.

Оқырмандар Елбасы кітапханасының кітаптар қорынан Алаш қозғалысының тарихы бойынша «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы (құраст.: Г.Анес, С.Смағұлова), «Движение Алаш – Алаш қозғалысы» кітабы (құраст.: Е.М. Грибанова, Н.Р. Жагыпаров), «Ұраным – Алаш!...» (Т. Жұртбай) және т.б. басылымдарды таба алады.

Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы күннен-ақ қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ұранына айналып, мақсаты мен міндеттерін көрсететін «Қазақ» газетінің негізін салушылардың бірі болды.

Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында: «Оппозициялық газет бола отырып, «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ», – деп жазады.

А. Байтұрсынұлының тағдыры қиындықтарға толы болды. 1929 жылдың 2 маусымында Алаш Орданың басқа да мүшелерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Бір жылдан соң 4 сәуірде Қазақ даласын қарулы көтеріліске дайындап, контрреволюциялық істермен айналысты деген айып тағылды. А. Байтұрсынұлын тағылған айып бойынша ату жазасына кесті. 1931 жылдың ақпанында үкім 10 жылға лагерьдің ауыр жұмыстарына өзгертілді, 1932 жылдың қарашасында Архангельскіге үш жылға жер аударылды.

1934 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Максим Горькийдің әйелі Екатерина Пешкованың өтінішімен босатылды. Босатылғаннан кейін бірнеше жыл отбасымен бірге Алматыда тұрды, алайда 1937 жылы қайта тұтқындалып, ІІХК үштігі ату жазасына бұйырады. 8 желтоқсанда бұйрық орындалды. Тек 1988 жылы ғана А. Байтұрсынұлы ақталып, оның құнды еңбектері халқына қайтарылды.

Елбасымыз өз баяндамаларында А. Байтұрсынұлының және басқа да ұлт зиялыларының тарихи маңыздылығын жиі тілге тиек етеді. Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында: «Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес. Өткелі тұрған ғасырдың соңғы онжылдығының зиялылары топтық мүддеден биік тұрса, өлермен атаққұмарлықтан аулақ болса, мұны Қазақстандағы мамыражай тыныштық пен тұрақтылықтың басты бір факторы деп білу керек», – деп жазады.

Ахмет Байтұрсынұлы өмірбаянының негізінде жазылған кітаптар Елбасы кітапханасында өз оқырмандарын күтуде. Олар – қазақ халқының көрнекті ағартушысының өмір жолындағы маңызды кезеңдер туралы баяндайтын Райхан Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» және Амантай Ахетовтің «Властелин духа» кітабы.

Ахмет Байтұрсынұлының қаламынан туған «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926–1928) оқулықтары және «Баяншы» (1926) әдістемелік құралы, «Маса» мысалдар жинағы, «Қырық мысал» жинағы, алғы сөз бен түсініктемелер жазылған «Ер Сайын» поэмасы, сонымен қатар «Әдебиет танытқыш» (қазақ әдебиетінің тұңғыш ғылыми зерттеуі) және «23 жоқтау» қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі болды.

Оқырмандар Елбасы кітапханасынан А. Байтұрсынұлының 2004 жылы шыққан шығармалар жинағын да таба алады. Бірінші томында өлеңдер, мысалдар және әдеби-ғылыми зерттеу материалдары жарияланған. Жинақтың екінші томында – бұл мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, студенттерге, жоғары оқу орындарының оқытушыларына және көпшілік қауымға арналған оқу құралы. Үшінші томға оқулықтар мен әдістемелік құралдың толық материалдары жинақталған.

Елбасымыз 2000 жылдың 15 қыркүйегінде Қостанайда А.Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде ағартушының шынайы тарихи рөліне: «Ол – мәдениетіміздің сөнбес жарығы, халқымыздың ары, заманауи ғылым, өнер, мәдениет пен білімнің күретамырын, Қазақстанның мемлекеттік жүйесі мен қоғамдық құрылысын нығайтатын идеялық мұра», – деп баға берді.