«Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі Атырау және Жамбыл облысы оқушыларының басын қосты. Бүгінде 56 қатысушы екі күндік білім беру бағдарламасын тәмамдап, тиісті сертификатқа қол жеткізіп отыр.


Жастар «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғасырда ұлтты жаңғырту», «Тарихи жол және Қазақстанның эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Заманауи сана – болашаққа жол» сынды дәрістерді тыңдап, топпен және жеке жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі тренингтерге, практикалық жаттығулар мен пікірсайыстарға қатысты.
Кеше, 14 наурыз күні Елбасы кітапханасында өткен Қазақстан мен Тәжікстан президенттерінің кездесуі оқушылар үшін тосын сыйға айналды. Олар мемлекет басшыларымен сұхбат құрып, оң әсер алды.
Елбасымыз бен Эмомали Рахмонмен кездескен жастардың арасында Атырау облысы Аққыстау орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ақнұр Калиматованың пікірінше, бұл кездесу – оның өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі.

– Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Кітапханада білім көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, жақсы тәжірибе жинадық. Тренингтер мазмұнды әрі қызықты өтті. Біз алған жаңа ақпараттың болашақта керек болары сөзсіз. Оның арқасында біз жоғары білікті маман бола аламыз, - дейді Ақнұр.
Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Дулат Әмірхан да бізбен пікір бөлісті:

– Елбасы кітапханасына келгеніме өте қуаныштымын. Дәрістер де, жаттығулар да, ғимарат бойынша жүргізілген экскурсиялар да қатты ұнады. Біздің мектебімізде «Рухани жаңғыру», «Мультимедиа» кабинеттері бар. Сәті түссе, елге оралған соң семинар-тренингте талқыланған тақырыптарға бейнероликтер түсіріп, мәнді ақпаратпен сыныптастарым мен бүкіл мектебіммен бөліссем деймін, - деді ол.
Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Карина Ян болса, Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен өтетін семинар-тренингтерге екінші рет қатысып отыр. Былтыр ол «Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша оқу курсына қатысқан екен.

– Бірден қос мемлекет басшыларымен кездесу – біз күтпеген, маңызды оқиға болды. Әу баста қатты қобалжып, толқыған едік. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен жылы амандасып, бойымыздағы үрейді сейілтті. Елбасының сұрақтарына біз қуана жауап беріп, оған Астанаға Елбасы кітапханасының оқу курстарына қатысып, интеллектуалды, мәдени білім қорымызды кеңейтуге туғызылған мүмкіндік үшін зор алғысымызды білдірдік. Бұл семинардың ұйымдастырушыларына ризашылығымды білдіргім келеді, - деп Карина ойын түйіндеді.
