Осы жылдың 14 қарашасында Елбасы кітапханасының музейінде елордадағы №71 мектеп-лицейдің оқушыларының қатысуымен «Нақыл сөздер және олардың тұлғаны қалыптастырудағы маңызы» атты сабақ өтті.
Қазақ халқының терең мағыналы ауыз әдебиеті өнері қанатты сөздер, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерде көрініс тапты. Олардың басым көпшілігінің шығу тарихы тереңде жатыр. Олар мазмұны бойынша елжандылыққа бастаса, поэтикалық тұрғыда мәнерлі, бірлікке, табандылыққа шақырады, үлкен тәрбиелік маңызға ие. Асыл сөздерде қазақ халқының даналығы мен қоршаған ортаға деген пікірі өрілген. Тапқыр мәтелдер, нақыл сөздер, мақалдар халқымыздың өмірі мен дүниетанымын сипаттайды.
Сабақ барысында халық арасында танымал нақыл сөздер мен қара сөздердің және басқаларының шығу тарихына, қазақ тілінің даму ерекшелігіне назар аударылды.
Сондай-ақ, дәріскер оқушыларды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен», «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар» атты еңбектерімен таныстырды. Елбасы сөздерінің басым көпшілігі бүгінде қанатты сөздерге айналды: «Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы», «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» және басқалары.
Сабақ барысында түрлі тақырып бойынша қанатты сөздер мен нақыл сөздерді білу жарысы өтті.
№71 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айнагүл Беласарова:
- Тақырып өте керемет! Маған және шәкірттеріме дәріс өте қатты ұнады. Мен де ойынға қуана қатысып, көптеген қазақ мақал-мәтелдерін ойыма түсірдім. Мұндай сабақтар оқушыларға өте қажет. Олар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тануда білімдерін арттырып, тілдерін байытады, эстетикалық тәрбие береді. Балаларды кішкентай кездерінен ойын-сауық орталықтарына емес, музейлер мен кітапханаларға апару қажет. Мұндай мәдени іс-шаралар біздің балалар үшін қалыпты болып қана қоймай, рухани қажеттілік болуы тиіс.
№71 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Нұрислам Ыбраш:
- Дәріс өте танымды әрі қызықты болды. Жаңа мақал мен мәтел үйрендім. Олардың терең тарихын және соншама көп түрі бар екенін білмеппін. Халқымыздың ауызекі шығармашылығымен таныстыратындықтан осындай сабақтар бізге өте қажет. Музейдегі дәріске тағы да қатысқым келеді.
№71 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Айым Әбдәлі:
- Маған дәріскердің Н.Ә.Назарбаевтың шығармашылығы, оның ішінде Елбасының кітаптарындағы қанатты сөздері туралы айтқаны ұнады. Ол сөздердің көбін мен жиі еститінмін, бірақ олардың авторы Нұрсұлтан Әбішұлы екенін білмеппін. Қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді шешу өте қызық болды.
Іс-шара соңында оқушылар елордадағы Н.Ә.Назарбаевтың тұңғыш резиденциясы болған тарихи ғимарат бойынша қызықты экскурсияны тамашалады.




