Рухани қазынаға Қарулы күштер әскерилері тәнті болды 

Елбасы кітапханасының рухани қазынасына ҚР Қарулы күштері Арнайы әскерлері бас басқармасының қызметкерлері үңілді. Қырағы қорғаушыларымыз тәуелсіз Қазақстанның тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен, бірегей суреттермен танысты. Әскерилер Семей полигонының жабылуына, бас қаланың көшірілуіне, ұлттық қорғанысты нығайтуға бағытталған құжаттарға асқан қызығушылық танытты. Тәртіпке бағынған әріптестерін Нәзгүл Тұрысбекова бастап келген. Нәзік жанды майор рухани азық алып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бастамашылдық танытқан.

0U3A3538

– Елбасы кітапханасының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинары жайлы білдім. Алдымен өзім рухани орданы аралап көруді жөн санадым. Оның тарихи маңыздылығын түсініп, әріптестерім үшін экскурсия және Кітапхананың білікті мамандарының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша дәрісі ұйымдастыруға атсалыстым. Енді бүгін әріптестерім ұлтжандылық рухқа бөленіп, ерекше әсер алды. Олар енді өздерінің туған-туыстарын Елбасы кітапханасына ертіп келмек, - деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Арнайы әскерлері бас басқармасының заңгері Нәзгүл Тұрысбекова.

Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері еліміздің келешегін қалайтын құжаттың қадамдарын баяндады. Әскерилер 5 институционалдық реформаның мәні мен маңыздылығын жете зерделеді. Виталий Бондаренко да қажетті мәліметтерді түртіп алды. Полковниктің күнделікті қызметі заңнамалық актілермен ұштасады. Әскери маман экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты. Жүгі ауыр қызмет білімді шыңдауды талап етеді.

0U3A3608

– Елбасы кітапханасындағы жұмыстың ұйымдастырылуы әдеттегі азаматтық мекемелерге ұқсамайды. Әр нәрсе өз орында, барлығы нақты белгіленген, ақпарат дәйекті. Әскерилерге тән тәртіп бұл жерде де сақталатыны байқалады. Кітапхана қызметкерлерінің кәсібилігі тамсандырды. Экскурсия және семинар барысында қажетті ақпаратқа қанықтық. Білмегенімізді ойға мықтап тоқып алдық. Мәдени-ағартушылық ордадан нағыз отансүйгіштік бастау алады. Бұл жерден жас ұрпақ тәлім алуы қажет, - деп өзінің әсерімен ҚР Қарулы күштері Арнайы әскерлері бас басқармасы бөлімінің басшысы Виталий Бондаренко бөлісті.

«Тәртіп, талап, тірек» дегенді ұстанымға айналдырған әскерилер жаңа рухани күш-жігермен қызметтеріне кіріспек.

0U3A3527