Бүгін Елбасы кітапханасына Бразилияның елшісі Рубен Антонио Корреа Барбоза келді.
Мәртебелі мейман алдымен Елбасы кітапханасының музейін аралап көрді. Экскурсия барысында елші егемен Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен даму кезеңдерінен сыр шертетін музей залдарының заманауи технологиялармен қамтылғанын атап өтті. Әсіресе, «Стратег жолы» залындағы бас қаланың өткені мен бүгіні туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар мен видео материалдарға баса назар аударды.
«Өте ғажайып музей екен. Бұл мекемеден Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі, оның тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы толыққанды білдім. Қазақстан Республикасының тарихына және таңғажайып архитектурасына таң қалдым. Маған, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы және бүгінгі келбетін көрсететін зал қатты ұнады. 1999 жылы Қазақстанның жаңа астанасы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болғандығы баршамызға мәлім. Мұнда тек қала туралы емес, жалпы мемлекет туралы мол мәлімет алдым. 2030 жылға дейінгі полицентрлік қаланы дамыту жоспары да ерекше екен. Қазақстан астанасының күннен-күнге көркейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады», -деп ой бөлісті Бразилия елшісі.
Экскурсиядан кейін Бразилия елшісі Рубен Антонио Корреа Барбоза Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы әңгіме өрбітті.



