Елбасы кітапханасының музейі түрлі қалалар мен шет мемлекеттерден келген қонақтарды әрдайым құшақ жая қарсы алады. Бүгінде онымен танысуға бет бұрған ресейлік меймандар ызғарлы ауа-райына қарамастан, Музей төріне қуана кірді.

Олардың бірі Екатеринбург қаласының тұрғыны Татьяна Мустаева елімізге отбасымен келген екен. «Автомобилист» Ресей құрамасы мен «Барыс» құрамасы арасындағы жарысты тамашаламақ болған жанұя бұл сапардың арқасында Қазақстан мен Астананы алғаш көріпті.
– Қазақстан мен оның жас елордасы жөнінде талай қызық әңгіме естіп, бәрін өз көзімізбен көруді ұйғардық. Астана – әсем қалалардың бірі. Қаланың сұлулығына кешкі уақытта тіптен көз тойдыра алмайсың. Көшелерді кезіп жүріп көпке қайран қалдық. Елорданың сәулетінде қолданылған тың идеялар бірегейлігімен көзге оттай басылды. Бүгін танысу кезегі Президенттеріңіздің алғашқы Резиденциясына түсіп отыр. «Елбасы – ел тірегі» демекші, біз де Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі мен қызметінің кезеңдерімен танысуды қаладық. Ол кісінің мұндай елорданы қалай тұрғызғанын білгіміз келді. Ресей мен Қазақстан елдерінің көшбасшылары өзара серіктестік қарым-қатынаста болғандықтан, Президенттеріңізге деген біздің де құрметіміз терең. Көршілес қос мемлекет арасындағы достықтың оң нәтижелері көпке дейін жалғасын таба береді деп ойлаймын. Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеп қана адам сенгісіз ғажаптың шындыққа айнала алатынын түсінуге болады, - дейді Татьяна Мустаева.
Өнерге деген ықыласы зор адам ретінде ол экспозициялардағы кей жәдігерлердің ерекшелегіне назар аударды.

Меймандарды Франк Майслердің жұмыстары, Бәтима Зауырбекова түс кілемдері, Қазбек Әжібековтың картиналары қызықтырды.