РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҮКІМЕТІНІҢ САРАПШЫЛАРЫ: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨПТЕГЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ – ӨЗГЕ ЕЛДЕРГЕ ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ЖЕҢІСТЕР»

19 қазанда Елбасы кітапханасына Астана қаласына «Проектный Олимп» байқауының іс-шарасын өткізуге келген Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Аналитикалық орталығының өкілдері ат басын бұрды.

«Проектный Олимп» мемлекеттік секторлардағы жобалық қызметтерді кәсіби басқару байқауы Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Аналитикалық орталығында 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқаудың мақсаты жобалық басқару құралдарын өз қызметіне белсенді енгізіп отырған барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерге қолдау көрсету, осы саладағы үздік ұлттық тәжірибелерді анықтау және насихаттау, жобалық мүмкіндіктер мен бағдарламалық-мақсатты басқару есебінен мемлекеттік органдар мен мемлекеттік секторлардың тиімділігін арттыру шарттарын құру болып табылады.

Байқаудың міндеттеріне ашық, тәуелсіз қатынас жасау алаңын құру, тәжірибе алмасу және оны тарату, Ресей Федерациясы мен ТМД елдерінің мемлекеттік мекемелерін байқауға қатысуға шақыру, басқарудың инновациялық әдістерін енгізу және тиімділігін арттыру жатады.

Қазақстандық ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелер былтырғы жылдан бері байқауға қатысып келеді.

Меймандарға арналған экскурсия жүргізілді.

Делегацияны бастап келген Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Аналитикалық орталығының кеңесшісі Павел Шестопалов өз әсерімен бөлісті:

– Кеше біз Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында жобалық басқаруды енгізу барысымен таныстық, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығында болдық. Бүгін осындай ғажайып орталық – Елбасы кітапханасының табалдырығын аттағанымызға өте қуаныштымыз. Орталық сәулетті ғимаратымен ғана емес, сондай-ақ көрмелерімен, жәдігерлерімен де көрікті екен. Олар бүгінде егеменді мемлекет болған Қазақстанның жүріп өткен жолын айшықтайды. Ресей жерінде Қазақстанның көптеген жетістіктері үздік тәжірибе деп саналып, үлгі тұтарлық мемлекет ретінде қабылданады. Назарбаев орталығынан, мұндағы мазмұнды экспозициялардан, жалпы, Қазақстаннан ұмытылмас әсер алдық. Тағы бір біз үшін маңызды сәтті айтып өтейін. Экскурсия барысында біз жобалық басқару бойынша жастарға арналған сабақтың өткізілуіне куә болдық. Тақырыбына қарай, бұл қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру жобасы екенін түсіндік. Күні кеше «Рухани жаңғыру» жобасының кеңсесінде болғанда осы жобалардың іске асырылып жатқанына көз жеткіздік. Осы жерден аңғарғаным, болашақта осы жобаны жалғастыратын жастарды дайындап жатқанын түсіндім.