Үстіміздегі жылдың 10 қазанында Елбасының Жеке архиві жаңа материалдармен толықты. Олардың қатарында 14–15 мамырда Пекинде өткен 20-ға жуық елдің мемлекет және үкімет басшылары жиналған «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының фотоальбомы да бар.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш іс-шарада халықаралық ынтымақтастықта аса маңызды бес мәселені қарастыруды ұсынды. Азия мен Еуропаның лаңкестікпен күресінен қаржы саясатына дейін түрлі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Мемлекет басшысы форумда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түркия Республикасының Президенті Реджеп Эрдоғанмен екіжақты кездесу өткізді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Жеке архивінде Мемлекет басшысының қоғамдық қызметінің үдерісінде қалыптасқан, сондай-ақ өмірбаяндық және шығармашылық материалдарды құрайтын құжаттар сақталған.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметі туралы құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени маңызы бар. Олар – халықтың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі, сондақтан да Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекеттің қорғауында болады.