Елбасы кітапханасында Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуын арқау еткен тағылымды шаралар легі бастау алды.
1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Қазақ КСР Президенті лауазымын бекіту және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл тәуелсіздік жолындағы тағдыршешті оқиғалардың біріне айналды.
Елбасы кітапханасының музейі Қазақстан Президенті лауазымы бекітілген тарихи күн қарсаңында танымдық шаралар топтамасын қолға алды. Оның аясында Астананың және қала маңындағы білім беру мекемелерінде көшпелі экскурсиялар өткізілуде.
Танымдық шара тұңғыш рет Ақмола облысының Аршалы ауылында ұйымдастырылды. Оған Елбасы кітапханасы және жергілікті аудандық әкімдік мұрындық болды.
17 наурызда №2 Аршалы орта мектебінің оқушылары үшін «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылды. Балалар тарихи жәдігерлер мен құжаттар арқылы Мемлекет басшысына табысталған шет елдік және қазақстандық ордендер, медальдар, құрметті атақтар жайлы көп мәліметке қанықты. Олар әрбір марапаттың тарихымен жан-жақты танысты.

«Тарихи таңдау» экскурсиясы қатысушыларға Н. Ә. Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті дейінгі жүріп өткен тарихи жолы жайлы баяндайтын бірегей материалдар кешенімен танысуға мүмкіндік берді.

Экскурсия барысында оқушылар ХХ ғ. 60–70 жж. құжаттарын парақтап, сирек кездесетін мұрағаттық бейнематериалдармен танысуға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі қорындағы құнды жәдігерлерді қолмен ұстап көруге мүмкіндік алды.

Президенттік институтқа арналған мазмұнды шаралар легін дәрістер, тақырыптық көрмелер, жастардың атақты мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлермен кездесуі жоспарланған.