ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН НАСИХАТТАУ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА: ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы және ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің бірнеше жылдық әріптестігі жалғасып келеді. ТЖК басшылығының өтінімімен Елбасы кітапханасының қызметкерлері жыл сайынғы Президенттің Жолдауына, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тақырыптық дәрістер өткізеді.

Үстіміздегі жылдың 13 ақпанында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынтай Бердағұлова мен философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың дәрістері өтті.

Іс-шара алдында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын, еліміздің даму тарихын зерттеудегі басшылық пен жеке құрамның ерекше назары мен жауапкершілігін айтып өтті. Кітапхана ұжымының атынан Комитет қызметкерлеріне ақпараттық-идеологиялық ұйымдастыруда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Сағынтай Бердағұлова 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіруге арналған таныстырылымын ұсынды.

Ғазиз Телебаев 2016 жылдың 1 наурызынан аталып өтілетін Алғыс айту күні мерекесіне орай баяндама жасады.

– Бұл мерекені бекітуге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастамашы болды. 2015 жылдың сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу аясындағы ХХІІ сессиясында Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынды. Ал, 1 наурызды – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін – «елімізге жер аударылған әртүрлі ұлт пен ұлыстарды өз туысындай бауырына тартқан халқымыздың төзімділігі мен қонақжайлылығына алғыстарын білдіре алатын» мереке ретінде таңдауды ұсынды, – деді Ғ. Телебаев мерекенің шығу тарихы жөнінде.

Дәріскер Қазақстанның көпұлтты халқының қалыптасу кезеңдерін, елімізді мадақтаған әр ұлт өкілдерінің республикамыздың қалаларына «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнатқандығы туралы сөз етті. Ғазиз Тұрысбекұлы этносаралық және ұлтаралық келісім, толеранттылық Қазақстан халқының басты ерекшелігі екеніне ерекше тоқталып өтті.

Дәріс соңында ұйымдастырушылар Елбасы кітапханасының кызметкерлеріне алғыстарын айтып, әрі қарай әріптестігіміздің жалғасатынына сенімдерін білдірді.