2 наурыз күні Елбасының кітапханасында «Ел жұрт һәм Елбасы» кітабының авторы Өлмесхан Мәтенұлы Болатбековпен кездесу өтті.

Кездесу кешіне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері, «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингінің тыңдаушылары – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері, Елбасы кітапханасының ұжымы және кітапсүйер қауым қатысты.
Өлмесхан Болатбеков - белгілі журналист, қоғам қайраткері. 1983 жылы ҚазМУ бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысының Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетінің әдеби қызметкері болып бастаған. «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. «Hұp Отан» елдің тұғыры» және «Жусанды даланың жұпар иісі» кітаптарының авторы.

Автордың айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев туралы «Ел жұрт һәм Елбасы» кітабын жазу идеясы оқырмандармен кездесулер кезінде пайда болған. Жазушы Ө. Болатбеков ел ішін аралап жүргенде абзал ағалары мен ақсақалдар Мемлекет басшысының көреген саясаты мен сындарлы бастамаларына тілектес бола отырып, Елбасы туралы ой-толғамдарын айтып отырады екен. «Ақсақалдар арманы мен тілегі осы кітапты жазуға түрткі болды», дейді автор.
Іс-шараға жиналған қауым алдында сөз сөйлеген жазушы Ө. Болатбеков «Ел жұрт һәм Елбасы» кітабының жазылу барысы, қысқаша мазмұны мен дереккөздері туралы тезис түрінде баяндап берді.
Кітап жазуға материалдар іздестіру барысында жазушы Ө.Болатбеков Шамалған ауылына барған, Президенттің кластастарымен, үзеңгілес достарымен, замандастарымен жүздесіп, олардан көптеген естелік-әңгімелер жазып алған. Сондай-ақ, жазушы Елбасының балалық шағы туралы жинақтаған қызықты естеліктерді де айтып берді.
Кездесу барысында жазушы Ө.Болатбековпен Елбасы кітапханасы қорына өз кітаптарын сыйлады.
Қазіргі таңда Елбасы туралы 100 аса кітап жазылған.
Кездесу аяғында Ө.Болатбеков «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына қатысушыларды марапаттау рәсіміне қатысып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенттеріне арнайы сертификаттар мен «Біздің Президент» кітаптарын табыс етті.

Әлеуметтік жоба бойынша оқудан өткен студенттер семинар-тренинг туралы ойларын, әсерлері мен тілектерін өлең түрінде жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты физика-математика факультетінің 3 курс студенті Өмір Азамат:
Білгендерге биік-биік асқармыз,
Болашаққа нық қадамды бастармыз.
Туған елін, жерін, ұлтын сүйетін
Мына біздер патриот жастармыз!!!
Салтанат Маралқызы Есенбекова - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты музыкалық білім мамандығының 3-курс студенті:
Мәңгілік Ел идеясын ұсынып,
Бар алашты зер салдырған Елбасы
Еңбегімен ерке Есілдің бойына,
Кереметтей ел қондырған Елбасы.
Тәуелсіз аспанында самғаған,
Біз патриот Елбасыны қолдаған, - деді.