ПРЕЗИДЕНТ Қ.К. ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ ТУРАЛЫ ПІКІР (ТҮСІНІКТЕМЕ)

Президент Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты  Қазақстан халқына Жолдауы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын қайта құру қажеттілігінен туындап отыр.

Биылғы Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздегі  өзекті  мәселелерді шешуге және инфляция мен негізгі тауар өнімдері бағасының өсуі ел тұрғындарының жағдайына әсер етіп отырғандығына 

баса назар  аударылды.

Осы мақсатта Мемлекет басшысы экономиканың жүйелі мәселелерін, бірінші кезекте - оның шикізатқа тәуелділігін, еңбек өнімділігінің төмендігін, инновациялар деңгейінің жеткіліксіздігін, кірістердің тең бөлінбеуін белгілеп, олардан өтудің нақты жолдарын айқындады.

Мысалы, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді. Осы айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін жаңа салық және бюджет кодекстерін  қабылдау қажет.

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары нақты белгіленді. Бұл – мемлекеттің, ең алдымен, шағын және орта кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсету, кәсіпорындарды қолжетімді несиемен қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесіне көшу. Мұндай жағдайда ең төменгі бағаға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасына байланысты болады. 

Жолдауда нақты экономика секторын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру, ол үшін арнайы экономикалық аймақтарды дамыту.

Жолдаудың маңызды тармағы экономиканы монополиясыздандыру болып табылады. Мемлекет басшысы экономиканың бірқатар ірі нысандарын мемлекеттік меншікке беру қажеттілігі туралы, әсіресе, монополистердің үстемдігімен күресу және қажетсіз делдалдар желісін жою мәселесі туралы бірнеше рет айтқан болатын.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері де  Мемлекет басшысының назарында екендігін атап өтті. Осыған байланысты Жолдауда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту, шаруалардың өзара ұжымдасып ауыл шаруашылығын дамыту, саланы субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдері мен озық технологияларын пайдалану міндеттері қойылды.

Мемлекет Басшысы Жолдауының әлеуметтік-экономикалық бағытында белгіленген басымдықтарды жүзеге асыру қоғамның әрбір мүшесі үшін тең мүмкіндіктер туғызады.

Жоспарланған реформалардың жүзеге асуы үшін биліктің заң шығарушы тармағы өкілдері белсенді араласуы қажет. Осыған орай,  реформалар мен басталған ауқымды өзгерістер Парламенттің жаңа құрамына да байланысты болады. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары үшін 2023 жылы кезектен тыс сайлау өткізу туралы ұсыныс  әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолдау тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ саяси жүйені қайта жаңғырту қажеттілігі туындап отыр.

Сондықтан Қазақстанның алдында бүкіл ұлттың күш-жігерін жұмылдыруды және оны Президент реформаларының төңірегінде біріктіруді талап ететін үлкен міндеттер тұр.

 

Қазақстан Республикасы

Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы

директорының орынбасары

Д.А. Жүкенов